$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.02.2021, 16:13
Жаңалықтар

СҚО-да тұрғыны жоқ ауылдарға су құбыры тартылып жатыр

Су ресурстары комитетінің салғырттығынан қазына қаражаты тиімсіз жұмсалуда

СҚО-да тұрғыны жоқ ауылдарға су құбыры тартылып жатыр
Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындары жан-жаққа көшіп кетіп, қаңырап қалған кейбір ауылдарға су құбыры тартылуда. 8 жыл бұрын жасалған жобалық-сметалық құжаттарға өзгерістер енгізілмеген. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің салғырттығынан қазына қаражаты тиімсіз жұмсалуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ауызсу тапшылығын жою мақсатында елімізде 2002-2010 және 2011-2020 жылдарға арналған «Ауызсу» және «Ақбұлақ» бағдарламалары қабылданға болатын. Жобаның бірінші кезеңіне ел бюджетінен Солтүстік Қазақстан облысына 7,8 млрд теңге бөлінген. 2014 жылы басталған жоба аясында 22 мың тұрғыны бар Явленка, Покровка, Мальцево, Талапкер, Поляковка, Амангелді, Петровка, Новомихайловка, Владимировка, Бексейіт, Становое, Искра, Воскресеновка, Мамлютка және Андреевка ауылдары су торабына қосылуы тиіс болатын. Бас мердігер – «СМП-610» серіктестігі. Тапсырыс беруші – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Су ресурстары комитеті. Алайда, жауапты компания 2014-2017 жылдары аралығында жұмысты қажетті деңгейде орындамаған. Бюджет қаражатының тек 42,3 пайызы игерілген. 

«Облыстағы су құбырларының басым бөлігінің тозығы жеткені белгілі. Бұл мәселені шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жыл сайын қомақты қаржы бөлгенімен, жаңғырту жұмыстары сылбыр жүргізілуде. Мәселен, Преснов топтық су торабын қайта қалпына келтіру жұмыстарының басталғанына сегіз жылдың жүзі болды. Жұмысты сылбыр жүргізген компания игерілмеген қаржыны бюджетке қайтарғанымен, жобалық-сметалық құжаттамалар жаңартылған жоқ. Сөйтіп, маңызды жоба әлі күнге дейін аяқталмай келеді. Жергілікті серіктестік пен шенеуніктердің салдыр-салақтықтарының кесірінен 33 мың тұрғыны бар ондаған ауыл әлі күнге сапалы суға қол жеткізген жоқ», – дейді Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, құрылысшылар қауымдастығының директоры Валерий Дорошенко.

Жүргізілген жұмыс сапасыз деп танылғандықтан қайта есептеу жүргізіліп, 2,9 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Кейін бұл жұмыстар «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалына сеніп тапсырылды. Былтыр тағы 2 млрд теңге бөлінсе, бір жылда оның тек 387 млн теңгесі игерілген. Үстіміздегі жылы да жобаға қомақты қаржы бөлінбек. Жуырда аталған кәсіпорынның басшылығы жұмысты атқарудан өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдады. Осыған орай алдағы уақытта тағы да конкурс жарияланып, жаңа мердігер анықталмақ.

БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ НЕГІЗСІЗ ЖҰМСАЛУДА

Ақшаның уақытында игерілмеуі, жұмыстың сапасыздығы өз алдына, жоғарыда айтылған ауылдың кейбірінің тұрғындары көшіп кетіп, жұрты ғана қалған. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Орталық ауылында бес-алты отбасы ғана тұрса, Боевиктің жұртына қазір шөп өсіп кеткен. Есіл ауданындағы ауызсу желісі тартылуы тиіс Оседлое, Сарман және Тауағаш ауылдары Спасовка ауылдық округіне қарайды. Осыдан сегіз жыл бұрын жасалған жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес аталмыш ауылдарға су тартылуда. Бюджеттен бөлінген қомақты қаржы болашағы бұлыңғыр елді мекендерге жұмсалуда.

Солтүстік Қазақстан облысында халық саны тым аз, әлеуеті төмен 100-ге тарта ауыл жабылмақ. Бұл тізімге жыл сайын жаңа көбейіп келеді. 

«Бұл жобалық-сметалық құжаттамалар осыдан сегіз жыл бұрын жасалған. Мен ол кезде «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалын басқарған едім. Содан бері біраз жыл өтсе де, бұл жұмыстардың аяқталмағанына таңым бар. Кезінде конкурс арқылы бас мердігер анықталып, қажетті қаржы бөлінді. Бар жағдай жасалды, бұдан артық не керек? Бюджеттік қаржыны тиімсіз пайдалану, су желілерін сапасыз тарту және жөндеу-құрылыс жұмыстарының орындалу мерзімдерін кешіктіру сияқты кемшіліктер орын алды», – деген Валерий Дорошенко бұл келеңсіз жағдайларға жергілікті әкімдік пен Су ресурстары комитеті де жауап беруі тиіс екенін айтады.

«Ауызсудың шаңырағы шайқалған кейбір ауылдарға тартылып жатқанын жақсы білеміз. Біз бұған дейін мердігер компаниялардың жұмыстарына тексеріс жүргізіп, бірнеше мәрте жобалық-сметалық құжаттамаларды жаңарту қажеттігін ескерткен болатынбыз. Ал 2019-2020 жылдары Қызылжар өңіріне Ауыл шаруашылығы мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдері келіп, жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерді. Сол кезде Су ресурстары комитеті мен мердігерлерге бюджет қаражатын игеру, жобаларға түзетулер енгізу бойынша нұсқаулар берілді. Де-генмен, уақыт көрсеткендей біздің ұсыныстарымыз бен өтініш¬теріміз аяқсыз қалды. Ал енді жаңғырту жұмыстарын аяғына дейін жеткізуден басқа амал жоқ», – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров.

Бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы үйреншікті құбылысқа айналғандай. Республикалық Есеп комитетінің ақпараты бойынша, діттеген мақсатына жетпеген жобаларға 2020 жылы 74 млрд теңге беріліпті.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #бюджет