Қазақстанның 9 өңірінде автожолдар жабылды
Бұл өңірлерде ауа райының нашарлауына байланысты автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды
Ауа райының бұзылуына байланысты еліміздің 9 өңірінде автожолдар жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ деректеріне сілтеме жасап.
Ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, қар аралас жаңбыр, жаяу бұрқасын, көру мүмкіндігінің нашарлауы) 9 өңірде – Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.
Сонымен қатар «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, алдағы күндері еліміздің барлық өңірінде жекелеген аумақтарда көктайғақ, бұрқасын, қар, тұман болып, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Осыған орай, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдап, қажетті сақтық шараларын ұстануға шақырды.
«Қыс маусымында көлікпен алыс жолдарға шықпас бұрын, ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеген жөн. Қатты боран, бұрқасын кезінде жол кептелісінде ұзақ тұрып қалуыңыз мүмкін. Тіпті жол-көлік оқиғасына да тап болуыңыз ықтимал. Егер қандай да бір елді мекенге шұғыл баруыңыз керек болса, діттеген жеріңізге кедергісіз жету үшін теміржол көлігін пайдалануға кеңес береміз», - деді министрліктен.