«Астана» командасы «Манчестер Юнайтедті» жеңгеннен кейін қанша пайда тапты?
Еуропа лигасының топтық кезеңінің 5 туры аясында елордалық «Астана» клубы атақты «Манчестер Юнайтедті» жеңіп, сенсация жасап қана қоймай, қомақты табысқа қол жеткізді
«Астана» командасы топтық кезеңдегі алғашқы жеңісі үшін 570 мың еуро табыс тапты. Жалпы, елордалық клубтың Еуропадағы жорығы сәтті басталмағанмен, табысы қомақты. Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіне қатысқаны үшін 280 мың еуро, Еуропа лигасының екінші раундында ойнағаны үшін 260 мың еуро, осы турнирдің үшінші раундында ойнағаны үшін 280 мың еуро табыс тапты. Ал, Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алғаны 2,92 млн еуро пайда әкелді. Бұл туралы Sports.kz сайты хабарлайды.
Осылайша, «Астананың» еурокубоктарда ойнап тапқан жалпы табысы 4,31 миллион еуроны құраған. Бұдан бөлек командаға басқа бағыттар (маркетинг, көрсетілім құқығы) бойынша табыс түседі, команданың жалпы кірісі туралы қорытынды ақпарат маусым соңында белгілі болады.
Оқи отырыңыз: «Манчестер Юнайтед» елордаға «екінші сорттағы» ойыншыларын жіберді
Кеше «Астана Аренада» өткен матчта елордалық команда 2:1 есебімен жеңіске жетті. 10 минутта Джесси Лингард есеп ашып, «Манчестер Юнайтедті» алға шығарса, 55 минутта Дмитрий Шомко гол соғып, есепті теңестірді. Ал, автогол жасаған Дишон Бернард «Астанаға» жеңіс сыйлады.