Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шөкеев ақша игере алмайтын аудандарға келесі жылы қосымша қаржы бөлмеген дұрыс деп есептейді
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен жиында республикалық бюджет қаражатының игерілу барысы, Түркістан қаласының дамуы, ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы көрсеткіштер талқыланып, жиналыста бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшылары әкімнің сынына ұшыраған. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Шөкеевті ашуландырған мәселе – қаржының игерілмеуі екен. Бұл бойынша түсіндіріп, ақталуға тырысқан аудан әкімдерінің есебі облыс басшысын қанағаттандырмаған.
«Қаржылық бақылау қызметі тексере ме, конкурсты уақытында өткізбеді ме, оның бәрі xалықтың мәселесі емес. Ең бастысы, ақша бөлінді, бірақ ол игерілмей қалды. Бәлкім, келер жылы мұндай аудандарға қосымша ақша мүлдем бермеген дұрыс болар. Сондықтан оның негізгі себебі әкімдердің тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан деп есептеймін. Тағы бір мәселе – бөлінген қаражатты жоспарлау сапасы мен игерудің мерзімі», – деп ескертті Өмірзақ Шөкеев.
Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да облыс әкімінің көңілінен толық шыға қоймаған.