Құтқарушылар көлігі суға батып кеткен балықшыларды аман алып қалды
Балықшыларды іздеу барысында дауыс зорайтқыш қолданылған
ШҚО құтқарушылары көлігі мұз астына батып кеткен балықшыларға көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
27 қараша кешкі сағат 20:25-те ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне көлігі Бұқтырма су қоймасында мұз астына батып кеткен балықшылар туралы хабар келіп түсті. Күршім ауданының құтқарушылары оқиға орнына – құтқару станциясынан 15 шақырым қашықтықтағы Алғабас ауылына жол тартты. Түнгі уақытта зардап шеккендерді іздеу қиындық туғызды.
Дегенмен, оларды іздеу барысында дауыс зорайтқыш қолданылып, соның арқасында балықшылар табылды. Зардап шегушілердің жағдайы ойдағыдай болғандықтан, олар эвакуациядан бас тартты. Су қоймасындағы мұз қалыңдығы 5-7 см екені анықталды. Ол көлікті көтере алмаған.
«Оқиға жағалау маңында болған, сондықтан көліктің тек бір бөлігі ғана су астында қалған. Құтқарушылар мен жағадағы басқа балықшылар көлікті шығарып алды. Кейін зардап шегушілер Күршім ауылына дейін жеткізілді. Біз қараша айының басынан бері балық аулайтын орындарды аралап, балық аулау кезіндегі негізгі ережелерді түсіндіріп жүрміз. Аралайтын аумақ өте үлкен. Күршім өткеліне дейінгі аумақ 36 шақырымды қамтиды. Қазіргі уақытта 100 адаммен әңгімелестік. Қайғылы оқиғаларды мысалға келтіріп, нұсқаулық таратып жатырмыз, бірақ соған қарамастан адамдар мұз айдынына бара береді. Жеңіл автомобильді қалыңдығы 20 см асатын мұз қабаты ғана көтере алады, сондықтан күзгі мұз өте қауіпті екенін тағы да еске саламыз» , - деді облыстық ТЖД өкілдері.