Жамбыл облысында 300 және 600 балаға арналған қос мектептің құны - шамалас

Әкімдік себебін түсіндірді

Жамбыл облысында 300 және 600 балаға арналған қос мектептің құны - шамалас
көрнекі фото

Жуырда әлеуметтік желіде Жамбыл облысындағы екі мектептің құрылысына бағытталатын қаражат сомасы жарияланды. Байзақ ауданының Көктал ауданында бой көтеретін мектептің құрылысына 1,3 млрд теңге жұмсалмақ. Бұдан бөлек, Айша бибі елдімекенінде де жаңа білім ордасы салынбақ. Оның құны – 1,2 млрд теңге. Бір қызығы, бөлінетін қаражат сомасы шамалас болғанымен, нысандардағы оқушылар сыйымдылығы әртүрлі. Біріншісі, 600 орынға арналса, екіншісі 300 оқушыны қамтымақ.

Өз кезегінде Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы мәселенің себебін түсіндірді.

«Байзақ ауданындағы Көктал орта мектебінің жалпы көлемі 6904 шаршы метр. Онда 36 сынып (оның ішінде арнайы мамандандырылған 17 сынып) болса, ал Жамбыл ауданындағы Айша Бибі орта мектебінің көлемі 6684 шаршы метрді құрайды. Ол жерде 29 сынып (оның ішінде 24 арнайы мамандандырылған) болады. Демек екі орта мектеп көлемі жағынан шамалас, ал құнының шамалас болуы Айша бибі орта мектебіндегі арнайы мамандандырылған сынып санының көп болуында», - деп жауап жазған.

Сонымен қатар, әкімдік білім нысандарының құрылыс құнының еш шарықтамағанын айтады.

«2019 жылы жобасы әзірленген, бүгінгі таңда құрылысы жүріп жатқан Тараз қаласы «Шалғай Қарасу» алқабындағы 600 орындық мектептің жалпы сметалық құны 2 237,8 млн теңгені құрайды. Нысандардың құрылыс құнына көптеген факторлар – жер телімінің геологиялық құрылысы, инженерлік желілермен қамтылуы, қажетті қуатпен қамтылатын желілердің қашықтықта орналасуы, нысанды жылыту көзінің түрі, жерасты сулардың жақын болуы, құрылыс материалдардың жеткізуі және т.б. көрсеткіштер әсер етеді», - делінген жауапта.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.