Батыс Қазақстан облысы жарықсыз және сусыз қалды
Мамандардың айтуынша, бұған ауа райы себеп болған
Батыс Қазақстан облысы жарықсыз, сусыз қалды. Төтенше жағдай мамандары бұған ауа райы себеп болғанын айтып ақталды. Өңірдегі Бәйтерек, Жаңақала, Тасқала, Теректі аудандарындағы 2 мыңнан астам үй қараңғыда отыр. Сонымен қатар 30 әлеуметтік нысанда жарық жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Мамандардың хабарлауынша, күннің жылынуынан электр сымдарына қатқан мұзды желілер көтере алмай үзілген. Ал бағаналар құлап қалды. Электр желісіндегі ақаудың кесірінен, бес бірдей елдімекен судан да қағылып отыр. Тасқала және Бөкей ордасы аудандарындағы суқоймаларының су соратын құрылғылары істен шыққан.
«Шығынды қазіргі таңда толықтай айту мүмкін емес. Яғни, осы электр желілері Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясының теңгерімінде болғандықтан, осы компанияның бастамасымен комиссия құрылып, енді осы мекеме өзі шығынды белгілеп, өзі баяндайтын болады. Бір тәуліктің ішінде апат толықтай жойылады деген сенімдеміз», - деді БҚО ТЖД бас маманы Нұралы Мусиеа.