«Туған күніме берген сыйлық еді»: БҚО бұрынғы бас дәрігеріне қатысты сот басталды
Келесі сот отырысы 1 ақпанға қалдырылды
Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Каюпов үйінен табылған конверт толы ақшаның сыйлық екенін айтып ақталған еді. Онлайн режимде өткізілген сот кезінде экс-шенеунік бұл конвертті ұжымдастарының туған күніне сыйға тартқанын айтты. Тіпті, осы сыйлықты алған кезде өзінің мас болғанын да жасырмады. Айтуынша, конвертте қанша ақша салынғанын қарайтын жағдайы болмаған. Бұл туралы AstanaTV хабарлайды.
Ал, тендерге қатысқан компания өкілі мұны теріске шығарып берді. Оның айтуынша, Болатбек Каюпов тендерде көрсетілген соманың 10 пайызын сұратқан. Кәсіпкер басқарма басшысының талабын орындауға мәжбүр болғанын айтады. Яғни, даулы конверттегі ақша - осы қаржының бір бөлігі. Бір қызығы, пара ретінде берілді деген ақшаның қалғаны табылмапты.
«Орал қалалық сотында Болатбек Қаюповке қатысты және Серік Туралиевке қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Айыптаушының жаңа айыптау актісін жасау үшін уақыт сұрап, өтініш білдіруіне байланысты келесі сот отырысы жаңа айыптау актісін жасау үшін 1-ақпанға қалдырылды. Істің қаралу барысы бойынша қосымша хабарланады», - дейді БҚО сотының баспасөз хатшысы Нұргүл Қанатбаева.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың қазанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БҚО-да басқарма басшысының не үшін қамауға алынғанын хабарлады. Агенттіктің хабарлауынша, 2020 жылғы 12-23 қазан аралығында компания директорынан жалпы сомасы 78 000 000 теңгеге медициналық жабдықтарды (мониторларды) жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы ЖШС-пен бұрын жасалған шарттар бойынша орындалған жұмыстар мен ТМҚ қабылдау актілеріне кедергісіз қол қою үшін айтарлықтай мөлшерде пара түрінде жалпы сомасы 7 800 000 теңге алған.