ШұғылКоронавирус вакцинасын салдырған қазақстандықтар саны 700 мыңға жуықтады

Қазақстаннан ұрланған 223 көлік ТМД елдерінен табылды

Олардың тек 30 пайызы елге қайтарылды

Фото: ашық дереккөзден

2005 жылдан бастап Қазақстаннан ұрланған 223 автокөлік ТМД елдері территориясынан табылды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Жалпы, келісімнің 2005 жылдан бергі қолданылу кезеңінде ТМД елдерінде Қазақстанда ұрланған 223 - тен астам автокөлік анықталды, олардың тек 30%-ы (66 бірлік) елге қайтарылды», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министр соңғы жылдары (5 жыл) автокөлік ұрлықтары динамикасы тұрақты төмендеу үрдісіне ие екенін айтты. Нақты айтқанда, ұрлық фактісі 3 900-ден (2016 жылы) 2 100-ге дейін (2020 жылы) 46%-ға азайған.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «2005 жылғы 25 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Бұл келісімге Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова – 6 елдің ІІМ басшылары Баку қаласында қол қойған.

Құжатқа сәйкес, көлік ұрланғаны туралы сұрау салынған соң, ол 1 ай ішінде қаралуы тиіс.

«Мынандай ақпараттар беру қарастырылған: есептен шығарылған, кеден органдарында тіркелген, ЖКО, өрт және дүлей зілзалалар салдарынан зақымданған автокөлік құралдары туралы мәліметтер алмасу көзделіп отыр», - деп нақтылады Ерлан Тұрғымбаев.

Мына жағдайларда ғана сұрауға жауап берілмейді:

  • салынған сұраудың бекітілген формаға сәйкес келмеуі;
  • егемендікке, ұлттық қауіпсіздікке, ұлттық заңнама мен халықаралық құқыққа қайшы келу фактісі болса;
  • сұрау салынатын құзыретті органға байланыссыз өзге себептер бойынша орындау мүмкіндігінің болмауы.

Сонымер қатар, министрдің айтуынша, 1 жыл көлемінде талап етілмеген автокөлік табылған мемлекеттің кірісіне айналады.

Қазақстан Хаттамаға мемлекеттік шекараны кесіп өтетін автокөлік құралдары туралы ақпараттық деректер базасын қалыптастырмауға және қолдамауға мүмкіндік беретін ескертпемен қол қойды (ҚР шекарасын кесіп өтетін автомашиналарды тіркеудің техникалық мүмкіндігінің болмауына байланысты).

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан