БҚО-да басқарма басшысының не үшін қамауға алынғаны айтылды
Антикор басқарма басшысының қамауға алынғанын растады
Өткен 2 апта ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі 80-нен астам (85) тергеуді тіркеді. 8 лауазымды тұлға ұсталды (жыл басынан бастап 176 тұлға), 6 тұлғаға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды (жыл басынан бастап 132 тұлға). Ұсталған лауазымды тұлғалардың бірі - Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Агенттіктің хабарлауынша, басқарма басшысы мен оның сыбайласына қатысты тергеуді басталған.
«Олар 2020 жылғы 12-23 қазан аралығында компания директорынан жалпы сомасы 78 000 000 теңгеге медициналық жабдықтарды (мониторларды) жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы ЖШС-пен бұрын жасалған шарттар бойынша орындалған жұмыстар мен ТМҚ қабылдау актілеріне кедергісіз қол қою үшін айтарлықтай мөлшерде пара түрінде жалпы сомасы 7 800 000 теңге алған», - деп хабарлады.
ММ басшысы және оның сыбайласы ҚР ҚПК 128-бабы тәртібінде ұсталып, Орал қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Еске сала кетейік, 29 қазанда БАҚ-та БҚО Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болатбек Каюповтың 7 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғаны айтылды.
Болатбек Каюпов 2020 жылдың 12 наурызында БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.