Атырау облысы әкімінің орынбасары тағайындалды
Қайрат Нұрлыбаев бұған дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды

Атырау облысы әкімінің орынбасары болып Қайрат Нұрлыбаев тағайындалды. Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов жаңа орынбасарын жергілікті активке таныстырып, жұмысына табыс тіледі.
Қайрат Нұрлыбаев 2019 жылдың маусым айынан бері Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымында жұмыс істеп келді. Ал 4 жылдан бері облыс әкімінің орынбасары болған Әлібек Нәутиев жақында Атырау облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланды.
Қайрат Есқабылұлы Нұрлыбаев 1973 жылы 2 мамырда Атырау облысы Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын (инженер-механик), Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін (экономист) тәмамдаған.
Еңбек жолын 1995 жылы Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатында аға референт ретінде бастаған.
1996-1997 жылдары Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы «Мұқыр» акционерлік қоғамында жөндеуші-техник болып жұмыс істеген.
1999 жылы Қызылқоға ауданының Мұқыр селолық округі әкімінің аппаратына маман болып кіріп, Қызылқоға ауданы Мұқыр селолық округінің әкімі, Қызылқоға ауданының коммуналдық меншік, көріктендіру, құрылыс және тұрғын-үй шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Одан кейін Құрманғазы ауданының Шортанбай селолық округінің әкімі, Құрманғазы аудандық ішкі саясат бөлімінің одан соң аталған ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы, сондай-ақ Мақаш селолық округінің әкімі болып жұмыс істеді.
2008-2012 жылдары Индер ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2012-2019 жылдары аталған аудан әкімінің орынбасары болды.