Карантин: Батыс Қазақстанда шектеу шаралары күшейтіледі
Шектеу шаралары 25 қаңтардан бастап 7 ақпанға дейін ұзартылды
Батыс Қазақстан облысында карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың қаулысына сәйкес 25 қаңтардан бастап 7 ақпанға дейін мынадай шектеу шаралары енгізілді. Атап айтқанда, көп адамның қатысуымен болатын түрлі іс-шараларды өткізуге, ойын-сауық, мәдениет нысандары және басқа көңіл көтеретін орындардың, меншік нысанына қарамастан, кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметіне тыйым салынады.
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы, жеке кәсіпкерлік қызметкерлерінің кемінде 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшеді.
Сондай-ақ ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5 сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін оқушылар кезекші сыныптарда білім алады. Бірақ сыныптағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат беріледі.