ШұғылӨткен аптада Қазақстанда коронавирустан 28 адам қайтыс болды

«Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асырудың жаңа тәсілдері енгізіледі

Комиссия шешімімен магистратура мен докторантурада білім алу үшін 234 үміткерге стипендия тағайындалды

Фото: akorda.kz

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы «Болашақ» бағдарламасының адами капиталды дамыту саласындағы серпінді жоба екенін атап өтті. 

Ақордада өткен комиссия отырысында білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есебі тыңдалды, сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасының іске асырылуына қатысты бірқатар мәселе талқыланды. 

Комиссия шешімімен магистратура мен докторантурада білім алу үшін 234 үміткерге стипендия тағайындалды, сонымен қатар, олар әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік ұйымдарына тағылымдамаға жіберіледі. 

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясының тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін бірқатар нақты тапсырма берді. Әсіресе экономика саласын дамытудың перспективалары негізінде еңбек ресурсы балансындағы өзгерістерді ескеру жайы айтылды. 

Мысалы, 2020 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асырудың жаңа тәсілдері енгізілетін болады. Бұл конкурстық іріктеуді жүргізу тетіктерін жетілдіруді және автоматтандыруды, оның кезеңдерін қысқартуды, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысын оңтайландыруды, жұмыс органының жауапкершілігін арттыруды көздейді. Сонымен қатар стипендиаттарды оқытуға байланысты барлық академиялық үдерістер қосымша реттеледі.