Петропавл әуежайының жылыту қазандықтары істен шықты
Оны жөндеу үшін Қытайдан мамандар шақырту керек
Петропавл халықаралық әуежайының 2 қазандығы істен шығып қалған. Қазір ғимарат тек біреуімен жылытылуда. Осының салдарынан қызметкерлер мен жолаушылар бүрсең қағып жүр.
Қазір іште шамамен 7-8 градус қана жылы, алдағы уақытта күн суытса температура бұдан да төмендейді. Әуежай басшылығының айтуынша, мәселе жуық арада шешілмейтін сияқты. Қытайдан әкелінген қондырғыны кепілге сай өндіруші компания ғана жөндей алады. Ал, ұшу жолақтары мен терминалға осыдан 3 жыл бұрын ғана күрделі жөндеу жүргізілген болатын.
«Қытайдың мамандарын шақырдық, бірақ оларда мұрша болмай жатыр. Солтүстікте жасалған бір пеш жұмыс істеп тұр әзірше. Осы мәселені облыстық әкімдік біліп отыр. Мүмкіндігінше қолдап отыр. Мемлекеттік тапсырыс арқылы шешілетін сұрақ. Бір күн, бір аптаның ішінде оңалатын мәселе емес», - дейді Петропавл халықаралық әуежайының директоры Мәди Мәжитов.
Стратегиялық нысан басшылығы мәселені оңтайлы шешу мақсатында шетелдік компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Әуежай ғимараты қазір бір ғана пешпен жылытылып жатыр. Бұған дейін жылыту қазандығының ақауын анықтауға Аспан асты елінен арнайы мамандар келген. Алайда олар кепілдікте тұрған қондырғылардың іске жарамайтынын айтқан. Тек жаңасына ауыстыру арқылы ғана қондырғы қайта іске қосылмақ. Бұл ауқымды әрі күрделі жұмыс болғандықтан бірер күнде іске асыру мүмкін емес. Тұтынушыдан сұраныс төмен болуының себебінен аэропорт банкротқа ұшырап, қазір оны жергілікті әкімдіктің меншігіне өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетейік осыдан 4-5 жыл бұрын мұнда күрделі жөндеу жүрігізіліп, ұшып-қону жолағы мен жолаушылар терминалы жаңартылған болатын. Қаншама қаржы құйылса да халықаралық аэропорт толық қуатында жұмыс істеген емес.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО