$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.11.2019, 15:12
Жаңалықтар

Бәрі «ӨзенМұнайГазда» жұмыс істегісі келеді - Тұрымов Жаңаөзендегі қазіргі ахуал жайлы

Өңір басшысы адамдардың митингке шығуы жұмыссыздық пен Қытай зауыттарын салуға қарсылықтан туады дейді

Бәрі «ӨзенМұнайГазда» жұмыс істегісі келеді - Тұрымов Жаңаөзендегі қазіргі ахуал жайлы
Фото: esquire.kz

Бүгін Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге брифинг өткізген Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-саяси ахуалы туралы баяндады. Облыс басшысы қалада жиі көтерілетін жергілікті тұрғындардың жұмыссыздық мәселесін көбінің мұнай саласында жұмыс істегісі келетіндігімен байланыстырады.

«Қазір 350 адамға «Өзен инвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жанынан жұмыс орны ашылды. Одан бөлек «Таза су» деген кәсіпорын құрылып, «ӨзенМұнайГазға» қызмет көрсететін болды. Оған 90 адам жұмысқа кірді. Жаңаөзенде жұмыспен қамтудағы бір мәселе – «ӨзенМұнайГазға» жұмысқа барғысы келетіндер өте көп. Қаладағы 155 мың адамның 77 мыңы жұмысқа қабілетті. «ӨзенМұнайГазда»  қызмет жасайтындардың саны 15 мың. Яғни, бәріне бірдей ол жерден жұмыс тауып беруге мүмкіндік жоқ», - деді.

Әкім «ӨзенМұнайГаз» жұмысқа адам қабылдауға мораторий жарияланды деген әңгіменің шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Жыл сайын «ӨзенМұнайГаздан» зейнетке шыққандардың, басқа да себептермен жұмыстан кеткендер есебінен 100-150 орын босап тұрады. Осыған сәйкес біз сол орынды толықтырып отыратын мүмкіндік қарастырдық. Аутсорсингтік компаниялар арқылы адамдарды оқытып, қабілетін арттыру арқылы «ӨзенМұнайГазға» қабылдап жатырмыз», - деп айтты.

Ал жұмыспен қамтылғандар санын арттыру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолға алыпты.

«Митингке адамдар бірінші жұмысқа, екінші Қытай мәселесіне байланысты шықты ғой. Біз сондықтан экономиканы әртараптандыруымыз керек. «ӨзенМұнайГазға» тікелей жұмыс жасайтын компаниялар санын арттыру керек. Мысалы, қазір штангтерді қайта балқытып, арматура шығаратын зауыттар ашпақпыз. Бұдан бөлек әлеуметтік ахуалды жақсарту бойынша 2020-2025 жылға арналған кешенді жоспар бар. «Қазақ» газ өңдеу зауытын қайта модернизациядан өткізуге де қаржы бөлінген. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», - деді Маңғыстау облысының басшысы.

Еске салайық, қыркүйек айында Қазақстанның бірнеше қалаларымен қатар Жаңаөзенде де Қазақстанда Қытай зауыттарын салуға қатысты наразылық акциялары өткен. Серікбай Тұрымов қазір қаладағы саяси ахуалға тұрақты деген баға беріп отыр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары