Экология министрлігі киіктерге қамқорлық танытуға шақырады
2020 жылы киіктердің саны 450 мыңнан асты деп болжанады
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті киіктерді қорғау мен олардың жағдайын бақылауды күшейтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Соңғы уақытта Қарағанды және Ақмола облыстарының елдімекендері мен автомобиль жолдарының маңында ақбөкен жиі байқала бастады. Олардың ішінде әлсіреп қалған мүйізді киік (еркек) көп. Бұл 2020 жылдың желтоқсан айында өткен күйек кезеңінің салдары. Бұдан бөлек қалың жауған қар мен күннің күрт суытып, ауа температурасының соңғы 5-6 күнде - 40 градусқа дейін төмендеуі де ақбөкеннің жағдайына әсерін тигізіп жатыр. Аталған факторлар киіктердің тіршілігін, азықтандырылуын қиындатып, өміріне қауіп төндіріп жатыр. Жыл басынан бері 14 киік өлімі тіркелді», - делінген хабарламада.
Комитеттің мәлімдеуінше, мұндай жағдайда браконьерлер пайдаланып кетуі мүмкін. Осыған байланысты ведомство әлсіреген киіктерді азықтандыруды көздейтін биотехникалық іс-шараларды да жүргізіп жатыр.
«Азаматтарға әлсіреген жабайы жануарларды байқаған жағдайда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне мына нөмір бойынша 8 777-678-52-52 немесе «Охотзоопром» ӨБ-ге (8 775-569-92-21) хабарлауды, оларға қамқорлықпен қарауды сұраймыз», - делінген үндеуде.
Еске салайық, Қазақстанда 2019 жылғы есеп бойынша киік саны 334 мыңға жетті. 2020 жылы олардың саны 450 мыңнан асты деп болжанады.