$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.01.2021, 05:56
Жаңалықтар

Оралда қыста жол салған мердігер компания мен әкімдік соттасып жатыр

Келісімді орындамаған тағы екі мердігерге 5 млн теңге айыппұл салынды

Оралда қыста жол салған мердігер компания мен әкімдік соттасып жатыр
Фото: ашық дереккөзден

Қыста жаяу жүргіншілер жолын салып, тақтатас төсеген мердігердің ісі енді сотта қаралады. Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері тапсырылған жұмысты уақытылы орындамаған кәсіпкерді осылай жауапқа тартпақ. Ал, мердігер болса әкімдік өкілдерімен келіспейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Ақ қар, көк мұзда жолға тас төсеген жұмысшыларды көрген белсенділер ғаламторды осылай шулатқан. Ал кәсіпкердің айтуынша, бұл тротуар бастапқы жобада жоқ көрінеді.

«Осы аумақтағы жөндеген жолдан артық қалған өрнек-тастың біраз бөлігін біреулер ұрлап кетті. Сосын қалған тасты осы жерге төсеп тастадық. Бұған бюджеттен ақша шықпайды. Тротуарды талапқа сай жасадық, жолдың астын жазда нығыздап қойғанбыз», - дейді мердігер Сефа Азизов.

Ал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, өз міндеттемесін уақытылы орындамаған мердігер жауаптан осылай жалтарып отыр дейді.

«Мердігер мекеме аталған нысанды уақытында аяқтамаған. Сол себепті қыстың кезінде жұмыстарды жүргізіп, нысанды бізге тапсырғысы келген. Алайда құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталмауына орай, бүгінгі күні біз бөлімнің атынан сотқа талап-арыз жолдадық. Ақпан айында сот шешімі шығады», - деді Орал қалалық ТҮКШ, ЖМ және АЖ бөлімі басшысының орынбасары Асылан Даубаев.

Осылайша тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі келісімшартта көрсетілген 80 миллион теңгенің 20 миллионын төлемеген.

Былтыр Орал қаласында күрделі жөнделуі тиіс 30 жолдың 18-ін тапсырыс беруші мекеме қабылдап алыпты. Қалған жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Ал межелі мерзімге үлгірмеген екі кәсіпорынның ісі сотқа беріліп, келісімді орындамаған тағы екі мердігерге 5 миллион теңге айыппұл салыныпты.

Серіктес жаңалықтары