Қазақстан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясына қатысады
Аталмыш конференция 2021 жылғы қарашада Глазго қаласында өтеді
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Майкл Гиффордпен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның 2021 жылғы қарашада Глазго қаласында өтетін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі алдағы конференциясына қатысуын талқылады.
Сонымен қатар, Министр экологиялық заңнаманы жақсарту, сондай-ақ өңірлер бөлінісінде ауыл және орман шаруашылығы сияқты секторларда климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша еліміз бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Сондай-ақ, М. Мырзағалиев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жоспарлар туралы айтты. Ол жөнінде Мемлекет басшысы осы жылғы желтоқсанда өткен Климаттық амбициялар жөніндегі саммит аясында да атап өткен еді.
Өз кезегінде, елші Майкл Гиффорд экология және климаттық саясатты жақсарту саласында қабылданып жатқан қадамдарды жоғары бағалады, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясына белсенді қатысатынына сенім білдірді.
«Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Қазақстанның балық шаруашылығының жоғары әлеуетін атап өтіп, британдық компаниялардың балық шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыруы үшін мемлекеттік субсидия беруге дайын екенін білдірді», - делінген ведомство хабарламасында.