Қатты аяз болады: Қазақстанның бес облысында ескерту жарияланды

Жаңа жыл мерекесі күндері елімізде күн күрт суытады

Қатты аяз болады: Қазақстанның бес облысында ескерту жарияланды
Фото: pixabay.com

Жаңа жыл қарсаңында ауа райының күрт суытуына байланысты республиканың бес өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі хабарлады.

Синоптиктер болжамынша, 30 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасы күрт төмендеп, 27-32 градусқа дейін аяз көтеріледі. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнде аяз 30-35 градусқа дейін, кей жерлерде 38 градусқа дейін көтеріледі.

Сондай-ақ 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында Ақмола және Павлодар облыстарында ауа температурасы 30-35 градусқа күрт төмендейді. Облыстың солтүстігінде 38 градусқа дейін аяз көтеріледі.

31 желтоқсанда Қарағанды облысында ауа температурасы 25-30, кей жерлерде 35, 1 қаңтарда 30-35, кей жерде 39 градусқа дейін төмендейді.

1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы 31-36 градусқа төмендейді, кей жерде 39 градус аяз көтеріледі. Дауылды ескертудің ықтималдылығы - 95-100%.

Айта кетерлігі, ТЖМ өкілдері қатты аяздың техногендік өрттердің өсуіне, халықтың тіршілігін қамтамасыз етудің коммуналдық жүйелеріндегі заңбұзушылықтарға байланысты авариялардың, көлік жұмысындағы бұзылулардың көбеюіне әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сондай-ақ халық арасында тоңазу, үсіп қалу және өлім жағдайларының көбеюі, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде жағдайлардың нашарлау ықтималдығы бар.

Осыған байланысты, Төтенше жағдайлар министрлігі ауа температурасы өте төмен болған кезде далаға шықпауға, балалардың көшеде жүруіне жол бермеуге кеңес береді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.