Нигерияда коронавирустың жаңа штаммы табылды
Бұл – ОАР мен Ұлыбританияда табылған COVID-19 нұсқаларынан өзгеше вирус

Африка Одағындағы ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі орталық (CDC) Нигерияда коронавирустың жаңа түрі пайда болғанын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
«Нигерияда біз көріп отырған штамм әлі де зерттелуі тиіс. Әзірге айтарымыз, ол 501 мутацияға ие. Бұл - Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкада табылған нұсқалар сияқты емес, басқа түрі. Баса назар аударатыны, жаңа штамм екі-үш генетикалық тізбекке негізделген. Біз оны Нигерияда зерттеуді кеңейтуіміз керек», - деді Африка ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) басшысы Джон Нкенгасонг.
Ақпарат агенттігінің айтуынша, коронавирустың жаңа нұсқасы 3 тамыз бен 9 қазан аралығында Нигерияның Осун штатында жиналған екі пациенттің сынамаларын зерттеу кезінде табылған. Құжатта айтылғандай, коронавирустың бұл түрі Ұлыбританияда анықталған нұсқа секілді тез таралады деуге әлі негіз жоқ.
Еске салайық, Ұлыбританияда SARS-CoV-2 коронавирусының жаңа мутациясы табылды. Вирустың жаңа нұсқасы, алдын ала болжам бойынша, әдеттегіден 70 пайызға жұқпалы болуы мүмкін, бірақ өлім немесе ауруханаға жатқызу тұрғысынан қауіпті деп ештеңе айтылмады.
Сонымен қатар, Оңтүстік Африканың Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін 501.V2 деп аталатын жаңа коронавирус мутациясының анықталғанын хабарлады.