«Алматы-Өскемен» жолаушылар автобусының жанармайы қатып, жолда қалды
Автобус жүргізушісі ауа райы жағдайын ескермей, жаздық жанармаймен жолға шығып кеткен
Алматының Үшарал қаласынан Өскеменге бара жатқан жолаушылар автобусының жанармайы қатып, жолда қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі altaynews.kz-ке сілтеме жасап.
Автобус жүргізушісі ауа райы жағдайын ескермей, жаздық жанармаймен жолға шығып кеткен. Көлікте ересектермен бірге бес бала болған. «Алматы-Өскемен» тасжолында жүргізушілерден сауалнама алып жүрген тәртіп сақшылары жолаушылар автобусына кездейсоқ кез болды.
«Тасжолдың 1022 шақырымында автобус тоқтап қалған. Өйткені көлікке жазғы жанармай құйылған. Жүргізуші ауа-райы жағдайын ескермеген. Үшаралда ауа температурасы + 4°C болған кезде, ШҚО-да минус 36 градусты көрсетіп тұрған. Салонда 16 жолаушы, оның ішінде 5 бала болған», – деп мәлімдеді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары дереу іске көшіп, көліктерді тоқтатып, бос орындарға жолаушыларды отырғызып жіберген.
Департаменттің мәлімдеуінше, зардап шеккендер жоқ.