Италияда Абай орталығы ашылды

Салтанатты шара ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында өтті

Италияда Абай орталығы ашылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында Қазақстанның Италиядағы елшілігінде «Абай ақпараттық-мәдени орталығының» ашылу салтанаты, сондай-ақ қазақ жазба әдебиетінің негізін салушысының поэмалары мен «Қара сөздері» жинағының тұсаукесері өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық Абай шығармаларының және ол туралы ҰАБ қорынан шыққан басылымдардың көрмесін, философтың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдарды ұсынады.

«Елшіліктің көмегімен Қазақстанның Ұлттық аударма бюросы Абайдың «Қара сөздері» мен поэмаларын итальян тіліне аударды. Бұл италиялық оқырманынның ұлы ақын әрі ойшылдың еңбектерімен танысуына жаңа мүмкіндік беріп, екі ел халықтарын өзара мәдени байытуға қызмет етеді, Италия жұртына қазақ әдебиеті мен поэзиясын, сондай-ақ Абай еңбектері арқылы Қазақстанның мәдени және әдеби өмірін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Қазақстан тарапын ҰАБ басшысы, Үмітхан Мұңалбаева Үмітхан; ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып; М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының зерттеушісі Светлана Ананьева; ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Орынбай Жанайдаров; ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Бекзат Смағұлов таныстырды.

Іс-шара соңында Санта-Чечилия академиясының профессоры Рафаэлле Колличенза жиналғандар үшін фортепианода түрлі шығармалар орындады.

Қазақстандық студенттер мен қонақтар сыйлыққа Абайдың поэмалар жинағын алып, ұлы ақынның мерейтойына орай ашылған орталықта мәдени іс-шаралар мен кездесулер өткізуге ниет білдірді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.