Алматыда жүздеген наубайхана санитарлық талапқа сай келмейді
Жаңа жылдан кейін алып шаһарда нан бағасы өзгере ме?
«Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Білісбеков әлеуметтік маңызы бар нан бағасын қымбаттатпай ұстап тұруға қаңтар айының соңына дейін шамалары жететінін айтты. Ал Алматыда бизнес жасап отырған жүздеген шағын наубайханалар санитарлық талаптарға сай келмейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Нан құнын көтермеу үшін әкімдік ұн өндіруші «AizetFarms» ЖШС және «Рузи нан», «Алматы нан», «№ 7 нан фабрикасы» және « Алтын Башак» сынды қаланың жетекші кәсіпорындарымен келісімге келген.
Оған сәйкес, 2020 жылдың қаңтарына дейін «АйзетФармс» ЖШС наубайшыларға бірінші сұрыпты ұнды үздіксіз жеткізуге міндетті. Қаңтар айының соңына дейін келісі 115 теңге тұратын 3000 тонна ұнды аталған наубайханаларға таратады. Өз кезегінде наубайханалар әлеуметтік нан бағасын 75-80 теңге аралығында ұстап тұруға міндеттеме алды.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, аталған наубайханалар өндірісінің көлемі тәулігіне 30 тоннаны құрайды. Бұл тұтынушыларға сатылатын күнделікті нанның тек 15% ғана. Сонымен қатар, «Алматы» ӘКК мен «Рузи-Нан» ЖШС арасында тұрақтандыру қорынан ұн жеткізу туралы келісімге де қол қойылған. Бұл меморандум негізінде наубайхана басшылары 348 тонна ұнды арзан бағамен алып, әлеуметтік нанның құнын 75 теңгеден сатулары тиіс.
Алайда осыншама келісімдердің барлығы нан бағасының өсуін тек 2020 жылдың ақпанына дейін ғана тежей алады. Келесі жылдың 1-ақпанынан бастап ас атасының бағасы қалай өзгеретіні белгісіз.
«Әлеуметтік» деп аталатын нан бағасы 2020 жылдың 1 ақпанына дейін 75-80 теңге деңгейінде сақталады. Келісімшарттар резеңке емес екені түсінікті, бірақ қазір «AizetFarms» ЖШС-мен осы бағдарламаны ұзарту туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз олармен кеше ғана кездестік. Нан мәселесін шешуде бюджеттік қаражатты пайдаланбаймыз, мұның бәрі Алматыдағы ұн жеткізуші компаниялар мен наубайханалар арасындағы келісім», - деді Асқар Білісбеков.
Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, қаладағы шағын наубайханалар тазалық талаптарына сай емес.
«Бізде «Ақсай нан» бар, ол нарықтың 60% қамтамасыз етеді. Әлеуметтік –кәсіпкерлік корпорациясымен келісім жасаған төрт компания бар. Олар нарықтың тағы 20 %, өзге шағын кәсіпорындар қалған 20% қамтамасыз етеді. Жүздеген ұсақ наубайханалар бар. Өкінішке орай, олардың барлығы санитарлық талаптарға сай келмейді. Әрине, мұндай бәсекелестік ортада оларға қиын. Нан өнімдерінің басқа түрлеріне ауысатын наубайханалар бар, бәсекелестік ортада бұл қалыпты жағдай», - деді Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар департаментінің басшысы Еркебұлан Оразалин.
Әкімдік картоптың келісін -145, сәбізді -162 теңге, пияз бағасын -130, сондай-ақ қырыққабатты 200 теңгеден асырмауды көздеп отыр. Бұл бағалар 2020 жылдың сәуір айына дейін ғана белгіленген. Жуырда ғана Премьер-Министр бағаны тұрақтандыру жөніндегі шаралар кешенін жедел әзірлейтін жұмыс тобын құруды тапсырған.
Сонымен қатар Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдері бағасының көтерілуіне жол бергені үшін бірқатар ведомстволардың вице-министрлерін, облыс әкімдерінің орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы