$ 511.92  588.91  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.11.2019, 11:43
Жаңалықтар

Қазақ-Қырғыз шекарасындағы Қордай бекеті 2020 жылы күрделі жөндеуге жабылады

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасында жұмыс істеп тұрған 11 өткізу бекеті арқылы жылына 11 миллион адам өтеді.

Қазақ-Қырғыз шекарасындағы Қордай бекеті 2020 жылы күрделі жөндеуге жабылады
Фото: ашық дерек көзінен

Бұл туралы бүгін Сенатта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті. Ол бүгін Сенатта «2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгіу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасын таныстырды. Сенат депутаттары құжатты бірауыздан қабылдады.

Министр Атамқұловтың мәліметіне сүйенсек, заң арқылы "Сарытөбе" және "Ауқатты" автомобиль өткізу пунктерінің мәртебесін екіжақты өткізу пунктерінен "көпжақты халықаралық" өткізу пунктеріне ауыстыру көзделіп отыр.

«Сонымен қатар, хаттама "Нововоскресеновка" өткізу бекетінің атауын "Сыпатай батыр" деп өзгертуді көздейді. Қазір екі ел арасында 11 автокөлік өткізу пункті бар. Олардың бесеуі – көпжақты халықаралық, ал алтауы – екіжақты. Екіжақты өткізу пунктерінің төртеуінен өтетін адамдар мен көліктердің қарқыны төмен болғандықтан, олар 2010 жылы жабылған. Ал, қазір жұмыс істеп тұрған жеті өткізу бекетінен жылына 11 миллиондай адам, 1 миллион 300 мыңдай жеңіл көлік және 400 мыңнан астам жүк көлік өтеді», - деп хабарлады Бейбіт Атамқұлов.

Екі ел арасындағы халық пен көлік ең көп өтетін пункт  - Қордай бекеті 2020 жылдың наурызында күрделі жөндеуден өтетіні белгілі болып отыр.

«Сол себепті «Сарытөбе» және «Ауқатты» автомобиль өткізу пунктерін көпжақты халықаралыққа ауыстыру керек. Біріншіден, Қордай өткізу пункті жөндеу жұмысына жабылғанда, адамдар осы екі пункті пайдаланады. Екіншіден, басқа елдердің жүк көліктері осы пунктер арқылы өтуге мүмкіндік ала отырып, еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі жақсартуға ықпал етеді. Үшіншіден, шекара маңында орналасқан елі мекендердің қарым-қатынасын нығайта отырып, экономикалық ахуалды ұлғайтуға септігін тигізеді. Төртіншіден, көпжақты өткізу пунктерінің көбеюі -  үшінші ел тұлғаларының кез келген өткелден жүріп өтуіне мүмкіндік береді. Және адамдардың шекарада шоғырлануын азайтады», - деп сенім білдірді Атамқұлов.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары