$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.11.2019, 11:21
Жаңалықтар

Қытаймен трансшекаралық өзендер жөніндегі келіссөз қиын жүріп жатыр – Экология министрі

Бес жылға созылған келіссөздер бойынша Қытай мен Қазақстан құжат мәтінінің тек 25 пайызын ғана келісе алған

Қытаймен  трансшекаралық өзендер  жөніндегі келіссөз қиын жүріп жатыр – Экология министрі
Фото: ашық дерек көзінен

Бұл туралы бүгін Сенатта Экология, геология дәне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті.

Жалпы, министр бүгін Сенатқа Орхус (ақпаратқа кіру, шешім қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуын және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенция – Сенат аудармасы) конвенциясына зиянды қалдықтар туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын таныстыра келген.

Сенатор Нұртере Жүсіп Орхус конвенциясына Ресей, Өзбекстан және Қытай мемлекеттері қол қоймағанын айтты. Ал, Қазақстанда жатқан трансшекаралық өзендердің бәрі дерлік бастауын осы елдерден алады. «Осы мемлекеттер конвенцияға қол қоймаған жағдайда, Қазақстанның әрекеті қандай болады?» деп сұрады сенатор.

Министр Мағзұм Мырзағалиев Өзбекстан және Ресей мемлекеттерімен трансшекаралық өзендерді тазалау туралы келісім жасауға заңдық негіз бар дейді. Ал, Қытаймен арадағы келіссөз Қазақстанға оңай болып отырған жоқ.

«Расында да, сіз айтқан мемлекеттер Орхус конвенциясына қосылмаған. Дегенмен, трансшекаралық өзендердің мәселесі өзекті болғаннан кейін, біз бұл мемлекеттермен екіжақты қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатырмыз.Трансшекаралық өзендер бойынша Қытаймен 2015 жылдан бері келіссөз жүргізіп келеміз. Яғни, өзен ағынын бөлу және бірлескен режим таңдау мәселесі. Бір айта кететін жайт, Қытаймен төрт жылдың ішінде текстің тек 25 пайызын ғана келістік. Келіссөздер оңай емес. Бірақ, екі ел басшыларының қол жеткізген келісімшартының аясында бұл мүмкін болып отыр», - деді министр.

Министр хабарлағандай, Ресей тарапымен Жайық мәселесі бойынша келіссөздер жүріп жатыр, келесі жылдан бастап бірлескен зерттеулер  басталады. Жалпы, Мырзағалиев 2018 жылы Қазақстанда қоршаған ортаға  2,5 млн тонна зиянды қалдық төгілгенін айта кетті.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары