Солтүстік Қазақстанда шаруалар жерді өз иелігіне қайтара алмай жүр
Олар жергілікті кәсіпкермен соттасып жүр

Теріскейде шаруалар жерін даулап жергілікті кәсіпкермен соттасып жүр. Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындары меншігін жауапсыз серіктестіктен шығара алмай дал болып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тұрғындардың жерді даулап жүргеніне 16 жыл болған. Халық жерлерін 2004 жылы серіктестікке сеніп тапсырыпты. Алайда, кәсіпкер сөзінде тұрмаған. Тапқан табысынан ол шаруаларға жылына 8 мың теңгеден ғана төлейді екен. Көрші кәсіпкерлер болса шаруаларға кемінде 40 мың теңгеден төлейтін көрінеді.
«Бір пайдың ішінде 26 гектар жер. Соған біз бар жоғы 8000 теңге ғана аламыз. Кейде сапасы төмен ұн мен жем береді. Жемді мал да жемейді. «Пайда тапқыларың келсе, келіп жұмыс істеңдер», дейді», - деді ауыл тұрғыны Гүлмира Ауғалиева.
Серіктестікке жиыны 400-ге жуық тұрғын кірген. Бұл шамамен 11 мың гектар жер. СҚО Мағжан Жұмабаев аудан әкімінің орынбасары Қанат Бейсеновтің айтуынша, тұрғындардың серіктестіктен шығатыны туралы өтініш бірнеше рет келіп түскен. Ал серіктестік басшысы серіктестіктен шығу туралы өтініш түспегенін, тұрғындардың бірден сотқа арызданғанын айтады.