Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина алатын адамдар контингенті кеңейтіледі
Бүгінгі таңда клиникалық зерттеулердің III кезеңінде тұрған бірнеше вакцина бар

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының басқосуына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында COVID-19 пандемиясының қазіргі жағдайы талқыланды. COVID-19 вакциналарын тарату мен қамтамасыз ету, вакцинациялауды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
«Қазір Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін алдын алу шаралары жүргізілуде. Бүгінгі күні көптеген ел, соның ішінде Қазақстан жаңа коронавирус инфекциясының таралуын болдырмас үшін, COVID-19-ға қарсы вакцина жасау жұмысын белсенді түрде жүргізіп жатыр», - деді жиында Ерлан Қиясов.
Бүгінгі таңда клиникалық зерттеулердің III кезеңінде тұрған бірнеше вакцина бар. Қазақстан тарапы оларды жіті бақылап отыр.
«Коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинаны жасау мен тіркеудің сәтті тәжірибесін ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қоры арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Оған сәйкес Ресей Федерациясы «Спутник V» вакцинасын Қазақстан аумағында өндіруге арналған технологиялық трансферді, кемінде 2 млн доза вакцина өндіруге субстанция береді. Бұл мәселе ресейлік мамандармен егжей-тегжейлі пысықталуда», - деді вице-министр.
Осы жылдың маусым айында Жамбыл облысында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ жанынан қуаты 60 миллион дозаға дейін вакцина өндіретін зауыттың құрылысы басталған. Әлем елдерімен бірге қазақстандық ғалымдар да COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеуде. Ол ДДСҰ тізіміне енген, клиникалық сынақтардан сәтті өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықтың қосымша әлеуметтік осал топтарын қоса алғанда, вакцинациялауға жататын азаматтар контингенті кеңейтіледі. Қазіргі уақытта КВИ-ға қарсы әзірленген вакциналардың ерекшеліктерін ескере отырып, жоспар дайындалуда.