СҚО-да тағы 4 ауыл карантинге жабылды
Облыста өткен тәулікте 68 адам COVID-19 жұқтырған

Солтүстік Қазақстанда тағы 4 ауыл карантинге жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қатаң шектеу шаралары өңірді «қызыл аймақтан» шығаруға және коронавирус жұқтыру жағдайларының санын азайтуға бағытталған.
Жақында ғана шектеулер алынып тасталған елдімекендер де қайтадан карантинге жабылды. Мысалы, Есіл ауданында 7 желтоқсаннан бастап Явленка ауылы, ал 3 желтоқсаннан бастап Ясновка ауылы қайтадан карантинге жабылды. М.Жұмабаев ауданында 4 желтоқсаннан бастап Таман және Успенка ауылдарында шектеу шаралары енгізілді.
Сондай-ақ, 9 қарашадан бастап Петропавл периметрі бойынша эпидемиологиялық жағдайды реттеу мақсатында блок-бекеттер орнатылды. Жалпы, өңірде коронавирус бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында 5 аудандағы 11 елдімекенді жабу туралы шешім қабылданды. Айта кету керек, бұған дейін 3 желтоқсанда Уәлиханов ауданы Ақбұлақ ауылында карантинге жабылған шектеу шаралары алынып тасталды.
Облыста тәулігіне барлығы 68 COVID-19 жағдайы анықталды, оның ішінде 34 жағдай ауру симптомдарымен тіркелген.