ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1 480 адам коронавирус жұқтырды

Бурабайда «Батырлар» атты жаңа архитектуралық композиция пайда болды

Абылай хан алаңына келетін қонақтар композицияның екі сюжеттік желісін тамашалай алады 

Бурабайдың Абылай хан алаңында «Батырлар» атты жаңа архитектуралық композиция пайда болды. Осыған дейін туристердің назарын аударатын түрлі тарихи және мәдени ескерткіштер қатары тағы бір тамаша туындымен толықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жаңа композицияның биіктігі 7,3 метр ал ұзындығы 16,8 метрді құрайды. Туристік кешен қазақ халқының мәдениетін айшықтай түседі. 

«Абылай хан алаңына келетін қонақтарға композицияның екі сюжеттік желісі ұсынылады. Алғашқысында көркем бейнелер жақын маңнан едәуір анық көрінеді. Мұнда қазақ халқының ежелгі тұрмысы мен әдет-ғұрпынан сыр шертетін бүркітшінің аң аулауы, көкпар, қыз қуу және жамбы ату сияқты ұлттық ойындары айшықталған графикалық бейнелер салынған. Ал екінші жоспарда қашықтан көз салған адамға жеті батырдың сұлбасы көрінгендей болады. Батырлар бұл қазақ халқының рухани құндылықтары мен батылдық, ерлік, әділдік, батырлық сияқты қасиеттерін айқындай түседі», - дейді «Бурабай Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері. 

Мекеменің баспасөз қызметінің мәліметінше, батырлардың бет-бейнесін тек 35 метр қашықтықтан ғана көруге болады. Сұлбалар бірнеше бөліктерге бөлінгендіктен, олардың әрқайсын бөлек көру мүмкін болмайды. Жеті батырды осылай салудағы мақсат та халықтың бірлігін көрсету болатын. 

«Барлық орнатылған жаңа кескіндер табиғатпен ерекше үйлесімділікте жасалды. Жалпы, Бурабайда бұдан бөлек, басқа да бірқатар нысанды абаттандыру жоспарланған. Атап айтқанда, Кенесары үңгіріне таман аумақта демалатын күркелер мен шағын архитектуралық ескерткіштер қойылмақ. Ал Иманай бұлақтарында ақпараттық стендттер, аспалы көпірлер, орындықтар мен күркелер орналастырмақпыз», - дейді ұйымдастырушылар. 

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы