ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1430 адамнан коронавирус анықталды

«Арнайы агенттік құрудың қажеті жоқ». Депутат Балиева кәсіпкер Рахымбаевқа жауап берді

Балалар ісі жөнідегі уәкіл Аружан Саин, кәсіпкер Айдын Рахымбаев және тағы бірнеше қоғам белсенділері депутаттар Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құруға кедергі келтірді деген мәлімдеме жасаған еді

Фотоколлаж

Кәсіпкер Айдын Рахымбаев facebook әлеуметтік желісінде «Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева бастаған депутаттар тобы Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің құруын қолдамай отыр, осылайша, олар Қазақстанда бүкіл балалар үйін жабуға мүмкіндік беретін ұсынысты бірнеше жылға шегермекші» деген жазба қалдырды.

Бүгін Мәжіліс отырысынан кейін депутат Зағипа Балиева «Азаттық рухы» тілшісіне пікір білдіріп, жағдайдың мүлде басқа екенін айтып берді.  

Депутаттың айтуынша, барлық мәселе қазір қабылдануға дайындалып жатқан Педагог мәртебесі туралы заң жобасында. «Білім және ғылым министрлігі дайындаған негізгі құжат 19 баптан, оған жанама заң 195 баптан тұрады» дейді Зағипа Балиева. Сондай-ақ, депутат аталмыш заң жобасындағы 195 баптың арасында мұғалім мәртебесі мен балаларға түсетін жүкті азайтуға еш қатысы жоқ ұсыныстар көп екенін айтып отыр.

«Заңның аты «Педагог мәртебесі», ал мақсаты – ұстаздардың мәртебесін өсіру, ұстазға да, балаға да салмақ түсіріп отырған жүйедегі кейбір мәселелерді шешу. Негізгі заңнан он есе үлкен құжатты алғаш рет көріп отырмын. Сенсеңіздер, сондағы бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік туралы ұсынысқа әлі күнге дейін жеткен жоқпыз. Депуттар заңнан ұстаз бен оқушыға қатысы жоқ ұсыныстарды алып тастау мәселесін көтердік, міне, соның ішінде бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құру мәселесі бар», - деп түсіндірді Зағипа Балиева.

Депутат жеке пікірін білдіре отырып, Қазақстанда жетімдер үйіне қол ұшын беріп жүрген үкіметтік емес ұйымдар көптігін, көмектескісі келетін тұлғалардың сондай ұйымдар қатарына қосыла алатынын айтты.

«Ал, бала асырап алу мәселесін елімізде тек сот шешеді. Ол іс бір ізге салынған, ол үшін арнайы агенттік құрудың қажеті жоқ», - деді депутат Балиева.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан