Әлем және коронавирус: Рождество мен Жаңа жылда қозғалыс қатаң шектеледі
«Біз қарқынды медицина тарихында ерекше ауыр жағдайға тап болып отырмыз» дейді неміс дәрігері
Коронавирус пандемиясының қайта өрши бастауына орай, әлем елдері індетке қарсы түрлі шараларды қолға алып жатыр. Кей елдерде азаматтарға екпе алу міндеттелсе, енді бір елде өлім-жітімнің артуына байланысты коменданттық сағат енгізілді. Сондай-ақ, төтенше жағдай режимі ұзартылып, қозғалысқа қатаң шектеулер қойылуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәселен, Жапония Парламенті өз азаматтарына COVID-19 вирусына қарсы тегін екпе егу туралы заңды қабылдады, бұған жауап ретінде жапондықтардан қарсы көрсетілімдердің ерекше жағдайын қоспағанда, екпе алу толықтай міндеттелді.
Ал Түркияда COVID-19 инфекциясынан туындаған өлім-жітімнің тәуліктік рекорды жаңартылды – өткен 24 сағат ішінде 190 адам қайтыс болды. Елде кешкі сағат 21:00-ден таңғы 5-ке дейін коменданттық сағат енгізілді.
Латвия төтенше жағдай режимін 11 қаңтарға дейін ұзартты. 3 желтоқсаннан бастап елде «2+2» деген атпен белгілі ереже енгізілді - 2 метр қашықтықты сақтай отырып, қоғамдық орындарда екі адамнан артық кездесулерге тыйым салынды. Сауда орталықтары демалыс күндері жұмыс істемейді, бетперде тағу кез келген қоғамдық орындарда, оның ішінде мектептерде тағуып жүру міндеттелді. Латвия премьер-министрі елдегі жағдайды өте ауыр деп атады.
Австрия билігі елге туризм мақсатында келгендерге міндетті карантин енгізді. Шара 7 желтоқсаннан 10 қаңтарға дейін қолданылады. Сонымен бірге, елде локдаун шарттары біртіндеп жеңілдетілуде. Атап айтқанда, 7 желтоқсаннан бастап мектептер, азық-түліктен басқа заттарды сататын дүкендер мен шаштараздар ашылады. Сонымен қатар, 7 қаңтарға дейін мейрамханалар, кафелер, қонақүйлер, сондай-ақ спорт, мәдени және демалыс орындары жабық болады. Шаңғы тебу мен басқа да ашық ауада айналысатын спорт түрлеріне 24 желтоқсаннан бастап рұқсат етілмек.
«Италияда тау шаңғысы курорттары қаңтар айының ортасына дейін ашылмайды. Рождество мен Жаңа жыл мерекелері кезінде ел өңірлері арасында қозғалыс қатаң шектеледі. Желтоқсан айының соңына дейін мемлекеттің басым бөлігінде сағат кешкі 21:00-ден басталатын коменданттық сағат сақталады. Бірақ мейрамханаларға ғимарат ішінде қызмет көрсетулеріне рұқсат берілді», - делінген COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК мәліметінде.
Германия ауруханаларының реанимациялық бөлімшелерінде орта есеппен үш орын ғана бос. Неміс Анестезиология және қарқынды медицина қауымдастығының мамандары пандемияға байланысты реанимациялық бөлімшелерге шамадан тыс жүктеме қаупі артып келетінін айтуда.
«Біз қарқынды медицина тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше ауыр жағдайға тап болдық», - деді ұйымның өкілі Гернот Маркс.