Теміртауда пәтер тонап, үй иесін өлтіріп кеткендер ұсталды
Кешенді тергеу кезінде 4 күдікті анықталды
Теміртауда қарақшылық жасап, адам өлтірген қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz ресурсына сілтеме жасап.
«Теміртау қаласының полиция бөліміне 32 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Ол Момышұлы көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтеріне белгісіз біреулер кіріп келіп, тапаншамен қорқытқанын айтқан. Содан кейін қарақшылар әйелді және оның 50 жастағы серігін байлап, екеуін ұрып-соққан. Ер адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмады», - еп жазылған хабарламада.
Қылмыскерлер үйдегі ақша мен дүние-мүлікті алып, кетіп қалған. Бұл жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлімі және 192-бабы, 3-бөлімі бойынша тіркелді. Кешенді тергеу кезінде 4 күдікті анықталды. 26 және 28 қарашада жүргізілген арнайы операция кезінде күдіктілер Нұр-Сұлтаннан және Жезқазғаннан ұсталды. Олар - 25, 29, 34 және 39 жастағы Сәтпаев, Жезқазған және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары.