ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Қазақстанда балықты заңсыз аулағандарға 10 млн теңге айыппұл салынуы мүмкін

Немесе ұзақ жылға түрмеге қамалады

Фото ашық дереккөзден

Бас прокуратура балықты заңсыз аулайтындарға жауапкершілікті күшейтіп, «орташа ауыр қылмыстар» санатына жатқызуды ұсынды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.

«Жануарлар әлеміне қарсы жасалатын қылмыс та маңызды мәселелердің бірі. Мұндай қылмыстар қоғамда резонанс тудырады. Енді заңсыз аңшылық, балық, су жануарларын аулау, өсімдіктерге қарсы әрекеттер ауырлығы орта қылмыстар санатына енбек. Жаза мөлшері де өзгереді. Мысалы, бүгін айыппұл 5 мың теңге болса, заңға өзгеріс енгенде ол 10 млн теңгеге дейін көбейеді», - деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қазір балық аулап, өсімдік әлеміне зиян тигізген адам 50 тәулікке қамалуы мүмкін. Прокуратура бұл жазаны төрт жылға ұзартуды сұрап отыр.

«Егер осы қылмыстар табиғи қорықта жасалса, қызыл балықты немесе жалпы балықты қайықпен ауласа, сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген аңдарды ауласа, алты жылға бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр. Егер аса ірі көлемде ауланса немесе қылмыстық топ әрекет етсе, он жылға дейін бас бостандығынан айыру бекітіліп отыр», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан