Алексей Цой ДДСҰ, ЮНИСЕФ, GAVI және A4HP өкілдерімен кездесті
Кездесу онлайн-форматта өтті
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Алексей Цой халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алексей Цой Денсаулық сақтау министрлігі үшін халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық өте маңызды екенін атап өтті.
«Ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың мүмкіндігін жеткіліксіз пайдаланудамыз. Біз осы бағытта жұмысты жандандыруға және тараптар үшін өзара тиімді перспективалы бағыттарды бірлесіп айқындауға дайынбыз», - деді Алексей Цой.
Ол коронавирус індеті аясында Түркі кеңесі елдері ынтымақтастығының бірлігі мен беріктігі сыналғанын айтты. Инфекцияға қарсы күрес халықаралық ынтымақтастықтың, өзара әрекеттің және қолдаудың маңыздылығын көрсетті.
«Эпидемия басталған сәттен бастап тығыз байланыстамыз, ақпарат алмасамыз, бірлескен іс-шаралрды үйлестіріп, өзара көмек көрсетудеміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан халқына COVID-19-ға қарсы күресте гуманитарлық және практикалық көмек көрсеткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына, ЮНИСЕФ-ке және өзгелерге, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарға осы мәселелерді шешуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіремін», - деді Денсаулық сақтау министрі.