Шымкентте 117 медицина қызметкеріне үстемақы дұрыс төленбеген
Оның ішінде 55 маман өздеріне тиесілі ақшаны тұтас алмаған
Шымкентте коронавирусқа қарсы тұрған 117 медицина қызметкеріне үстемеақы дұрыс төленбеген. Бұл туралы қалалық прокуратура өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Нақтырақ айтқанда, №1 қалалық клиникалық ауруханасы 62 қызметкеріне қосымша ақы дұрыс берілмеген. Ал №2 қалалық ауруханасында 55 маман өздеріне тиесілі ақшаны тұтас алмаған. Сөйтіп заң өкілдерінің қадағалауының арқасында 46,7 млн теңге көлеміндегі қарыз өтелді.
«Біз бұл құқықбұзушылықты өзіміз талдау жүргізу нәтижесінде анықтадық. Себебі прокуратура органдары назарында осы COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар барысындағы барлық қабылданып жатқан мемлекеттік органдардың шешімдері мен іс-әрекеттерінің заңдылығы жүйелі түрде зерделенуде», - деді қалалық прокуратура басқармасы басшысының орынбасары Батыр Ергешов.