Аяздан коронавирустың белсенділігі төмендейді – эпидемиолог

Дегенмен, мамандар адам ағзасына түскен инфекцияның белсенділігі әп-сәтте қайта артатынын айтады

Аяздан коронавирустың белсенділігі төмендейді – эпидемиолог
Фото: ашық дереккөзден

Қыстыгүні коронавирус инфекциясының күші жойылмайды. Бұл – эпидемиолог мамандардың пікірі. Былтыр 17 қараша күні Қытайдың Ухань қаласында Covid-19 инфекциясының алғашқы жағдайы тіркелді. Сол уақыттан бері мамандар індеттің маусымдық өршуі жөнінде түрлі болжамдарын айтты. Кейбір ғалымдар жаздың аптап ыстығы вирустың әлсіреуіне сеп болатындығын айтқан. Алайда, вирус керісінше, жазда әлем бойынша кеңінен етек жайды. 

Биылғы қыс та халықты әбігерге салуы мүмкін. Ақ халаттылардың айтуынша, ауа райының төмен көрсеткіші коронавирустың белсенділігін төмендеткенімен, адам ағзасына түскен инфекцияның белсенділігі әп-сәтте қайта артады.   

«Бұл маусымда вирустың таралу қаупі басым. Өйткені күн суықта адамдар таза ауадан гөрі, ОСО-да, жабық мекемелерде жиі жүреді. Сонымен қатар, күз бен қыс маусымдарында иммунитет әлсіреуі мүмкін. Қыстыгүні ғимараттардың терезелері көп ашыла берілмейтінін ескерсек, бұл да вирустың кеңінен таралуына ықпал етуі мүмкін» - деді ҚДСЖМ Қазақстандық медициналық университетінің кафедра доценті, эпидемиолог Рафаиль Қыпшақбаев.

Эпидемиолог маман мұндай жайттар тек коронавирустың қана емес, сондай-ақ тұмау және ЖРВИ ауруларының пайда болуына да себеп болатынын айтты.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.