$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.11.2020, 03:34
Жаңалықтар

Қазақстандық ғалымдар күріш қауызынан емдік дәрі жасап шығарды

Шикізат ретінде Бақанас өңірінде өсетін күріштің қауызы пайдаланылған

Қазақстандық ғалымдар күріш қауызынан емдік дәрі жасап шығарды
Фото: ашық дереккөзден

Бірегей өнімді жасау үшін «Жалын» ғылыми-өндірістік технологиялық орталығының мамандары 4 жыл еңбектенген, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Жаңа өнім ағзадағы улы заттарды өзіне сіңіріп қана қоймай, адамның иммундық жүйесіне оң ықпал етеді. Бұл қазіргідей пандемия уақытында аса қажет дейді ғалымдар.

Отандық сорбенттік өнім осы шағын зертханада жасалған. Өндірістің әр кезеңін ғалымдар жіті бақылайды. Бірегей препаратты жасау үшін кем дегенде бір апта уақыт керек. Шикізат ретінде Бақанас өңірінде өсетін күріштің қауызы пайдаланылған. Себебі күріштің дәл осы сұрпының құрамы ерекше дейді ғалымдар.

«Күріштің қауызының өзі сорбент болып саналады. Ол күріштің дәнін сыртқы ортаның зиянынан қорғайды. Оның ерекшелігі – құрамында сорбент қызметін атқаратын көміртегі бар. Бұған қоса, құрамындағы кремний диоксиді оның құндылығын арттырады. Бұл элементтің адам ағзасына пайдасы зор», - деді жоба жетекшісі Сестагер Ақназаров.

Бұл екі маңызды элементті алу үшін күріштің қауызы 6 кезеңнен тұратын өңдеуден өтеді. Ең күрделісі – алғашқы екі кезең. Алдымен күріш қауызындағы бүкіл органикалық заттардың барлығы бөлініп алынып, құрамында көміртегі мен кремний диоксиді ғана қалады.

«Әлемдегі барлық сорбенттер тек қана кремнийден немесе тек қана көміртектен тұрады. Ал біздің препаратымыздың негізгі ерекшелігі - құрамында 40 процент көміртегі мен 60 процент диоксид кремнийдан тұрады. Құрамында 100 пайыз табиғи таза өнім, ешқандай қоспа қоспаймыз, химиялық қоспалар, ароматизаторлар, бояғыштар болмайды», - деді зертхана меңгерушісі Қалампыр Бексейітова.

Қазақстандық ғалымдардың ғылыми жаңалығына шетелдіктер де қызығушылық танытуда. Қазіргі уақытта жоба авторлары жаңа препаратты жасап шығаруға шетелдік және қазақстандық патентті иеленген.

«Иммунитетті көтереді, ағзаны тазалайды. Әрі ол басқа препараттар секілді емес. Мысалы, кейбір балама өнімдер улы заттармен қоса ағзадағы пайдалы заттарды да шайып кетіп жатады. Ал күріш қауызының құрамындағы кремний диоксиді адам ағзасын қалыпқа келтіреді», - деді жоба жетекшісі Сестагер Ақназаров.

Айта кету керек, күріш қауызының қанды тазалауда да пайдасы зор. Мұны «Жалын» ғылыми-өндірістік орталығының мамандары зерттеп, ғылыми түрде дәлелдеген.

Серіктес жаңалықтары