Кентаудағы жекеменшік балабақша қызметкерлері жалақы ала алмай жүр
Тіпті, оларға алдағы 3 айда да жалақы берілмейтіні ескертілген
Түркістан облысы Кентау қаласындағы жекеменшік балабақша қызметкерлері жалақы алмаған. Тіпті, алдағы 3 айда да болмайтыны ескертілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
«Білім бөліміндегілер 3 ай ақша бермейміз деп отыр. Мысалы, біздің кредитіміз бар дегендей. Мен өзімнің жеке екі жерде кредитім бар. Күйеуім болса жұмыс істемейді, көпбалалы анамын. Мен 3 ай бойы не істесем болады?», - дейді Кентау тұрғыны.
Балабақша басшыларының айтуынша, бюджетте соңғы үш айға ақша қаралмағанын. Тіпті, кейбіреулері жұмысшыларын қысқартып жатқанын айтты.
«Тоғыз айлықты алып болды балабақшалар. Ал алдағы 3 айға ақша жоқ. Бюджетте 1 тиын қаржы жоқ. Білім бөліміндегілер қайтадан келісім-шартқа отырған жоқ», - дейді балабақша меңгерушісі Дилдар Ергешқызы.
Ал Кентау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Баянғали Жұмабаевтың айтуынша, бұл мәселе бойынша Кентау қаласындағы тиісті органдардың хабары бар. Былтыр 9 айға келісімшартқа отырған. Ол 9 айға 1 миллиард 175 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі таңда сол қаржы толықтайын төленді. Енді 3 айға 350 миллион теңге қаржы қарастырылды.
«Осы 350 миллион теңгені біздің есеп шотымызға келіп түскен кезде барлығына толықтай төлеп береміз», - дейді ол.