$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.11.2020, 01:58
Жаңалықтар

Домен атауларын қорғауға қойылатын талаптар анықталды

Талаптар бұзылған 45 мыңға жуық домен атауы анықталды

Домен атауларын қорғауға қойылатын талаптар анықталды
Фото: ашық дереккөзден

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домен атауларын қорғауға қойылатын талаптарды айқындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

.KZ және .ҚАЗ домен атаулары тіркелген интернет ресурс Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде, яғни аппараттық-бағдарламалық кешендерде Қазақстан аумағында ғана орналастырылады. Бұл талаптар Мемлекет басшысының жолдауында айтылған «цифрлық еркіндікті» қамтамасыз ету шеңберінде Мемлекет басшысы қойған міндеттер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі. 

«Жаңа цифрлық технологиялар туралы» заң аясында 2020 жылғы 25 маусымда өзгерістер қабылданды. Онда Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домен атауларын қорғауға қойылатын талаптарды айқындауға мүмкіндік берді. Түзету қабылданған сәттен бастап оны техникалық іске асыру бойынша жұмыс басталды. Осылайша, Интернет кеңістік мониторингі бойынша қызметтер шеңберінде отандық «WebTotem» жүйесімен жоғарыда көрсетілген талаптар бұзылған 45 000-ға жуық домен атауы анықталды. Тиісті хабарламалар «Қазақстандық желілік ақпарат орталығына» жіберілді және 2020 жылғы 30 қарашаға дейінгі мерзімде бұзушылық фактісін растау немесе жоққа шығару мақсатында тіркеушілерге, сондай-ақ домен атауының иелеріне жеткізілді. 

«Қазақстандық атаулары бар сайттарды жергілікті деректерді өңдеу орталықтарында орналастыру, жергілікті АТ-әзірлеушілерді тарту қажет. Отандық бизнесмендер жергілікті еңбек және өндірістік ресурстарды барынша пайдалануы қажет. Қаражат шетелдегі арзан ұсынылатын сервистерге жұмсалмай, өз елімізде қолдануымыз тиіс. Егер сайт иесі қазақстандық домен атауымен сайтты ауыстырудан бас тартса, сайттың атын ғана ауыстыру жеткілікті болады. Мысалы, info.kz атауы бар сайт info.kz.com немесе info.kz.org. атауына өзгерткен жағдайда. Атқарылып жатқан жұмыс қарапайым Интернетті пайдаланушыларға кері әсер етпейтінін және байқалмайтынын атап өткім келеді», - деді вице-министр Асхат Оразбек.

Осы талап экономикада мультипликативтік нәтиже жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, АКТ-саласындағы қосымша жұмыс орындары, электр энергиясының профицитін кәдеге жарату, сыртқы интернет-трафикті қысқарту, байланыс операторлары жергілікті байланыс желілерін дамытуға көбірек қаражат сала алады және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыра алады.

Серіктес жаңалықтары