$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.11.2020, 23:27
Жаңалықтар

Дәрігерлер барлық науқасқа жетпейді – Алтай Көлгінов

Елорда әкімі тұрғындарға үндеу жасады

Дәрігерлер барлық науқасқа жетпейді – Алтай Көлгінов
Фото: instagram.com

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов COVID-19 жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты астаналықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«COVID-19 індетін жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты қала «сары» аймаққа өтті. Бұл қазіргі кезеңде карантинді жеңілдету қажет емес екенін білдіреді. 11 қарашада 47 жағдай тіркелді. Шағын және орта бизнес нысандары кезек-кезекпен жабылмауы, қала аумағы бойынша блокпостар орнатылмауы және қаланың жабылмауы үшін әр тұрғын жағдайдың қаншалықты қиын екенін түсінуі керек. Жедел штаб отырысында негізгі мәселелер қаралды», - деп жазды қала әкімі.

Әкімнің айтуынша, ең алдымен полиция қызметкерлері мен санитарлық дәрігерлер рейдтерді күшейтуге және карантинді бұзу фактілерін анықтауға көшті.

«Түнде ойын-сауық мекемелерінде жүрген, ереже бұзған азаматтар әсіресе, егде жастағы тұрғындардың денсаулығына қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқандарын әлі түсінбей келеді. Екіншіден, медицина мекемелері қосымша жабдықтармен, қорғаныс құралдарымен, дәрі-дәрмектермен және т.б. жабдықталған. Материалдық-техникалық база дайын, бірақ бір мезетте жағдай ушығып кетсе, дәрігерлер барлық науқасқа жетпейді», - деп ескертті А. Көлгінов.

Үшіншіден, ПТР зерттеуімен көбірек қамту үшін көпбейінді қалалық ауруханалардың қабылдау бөлмелерінде және стационарлардың акушерлік блоктарында изотермиялық шағын-зертханалар ашылды. Бұл шұғыл түрде түскен пациенттер арасында коронавирус инфекциясын тасымалдаушыларын анықтауға және уақтылы ем көрсетуге мүмкіндік береді.

Төртінші, КВИ-ға биоматериал алатын зертханалар саны 15-ке дейін артты. Зертханалардың жалпы қуаты тәулігіне 10 мыңнан астам зерттеуге жетеді.

Бесіншіден, барлық қалалықтарға қызмет көрсететін автобус парктері, шаһарды санитарлық тазалаумен және абаттандырумен айналысатын коммуналдық кәсіпорындар және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандар (ЖЭО, Астана су арнасы, Астана-АЭК және т.б.) ерекше бақылауға алынды. Қызметкерлер жиі тексеріліп отырады.

«Тестілеу арқылы қамтуды кеңейте отырып, біз COVID-19 таралуының нақты көрінісін бағамдаймыз және ошақтарды тез арада оқшаулай аламыз. Шетелден індет жұқтырып, елге оралғандар саны артып келеді. Мүмкіндігінше сапарлар санын қысқартуға, жаппай іс-шараларды өткізбеуге және қатыспауға, санитария нормаларын қатаң сақтауға кеңес береміз», - дейді Алтай Көлгінов.

Серіктес жаңалықтары