Тоқаев Қатар әмірін Мәуліт мерекесімен құттықтады
Екі елдің басшылары телефон арқылы сөйлесті
Мемлекет басшылары Мәуліт мерекесіне орай құттықтаулармен алмасып, екі ел ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен оны дамытудың нақты жолдары бойынша пікірлесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тамим бен Хамад Әл Тани бүгінгі таңда коронавирус пандемиясы халықаралық қауымдастық мүшелері арасындағы толыққанды қарым-қатынастарды айтарлықтай шектеп отырғанына қарамастан, Қазақстан мен Қатардың ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Тоқаев Қатар әміріне COVID-19 індетіне қарсы күресте елімізге қажетті құрал-жабдықтар түрінде көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғысын білдіріп, бұл қадамды шынайы достықтың көрінісі деп бағалайтынын айтты.
Әлемде қалыптасқан күрделі жағдай кезінде де тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ары қарай өрістетуге мүдделі екенін қуаттады. Осы ретте, мемлекет басшылары 2019 жылы жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, екі ел арасындағы банк, қаржы, көлік, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм салалары мен басқа да бағыттар бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қатысты іс-қимылдарды кеңейту жолдарын талқылады. Аталған мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тамим бен Хамад Әл Тани ресми және бизнес делегациялармен алмасуға қолдау көрсетуге келісті.
Сұхбатты қорытындылай келе, шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі жылы Қазақстанға сапармен келу жөніндегі шақыруын қабыл алды.