$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.11.2020, 21:19
Жаңалықтар

Бүкіл әлем ядролық қарудан бас тартуы мүмкін бе?

9 қараша – антиядролық акциялар күні

Бүкіл әлем ядролық қарудан бас тартуы мүмкін бе?
Фото: ашық дереккөзден

2045 жылға қарай ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге болады. Бұл туралы «Ядролық қаруды жоюға біріккен үндеу: 2045 мақсаты» атты вебинар қатысушылары мәлімдеді. Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, вебинарды «Парламентарийлер ядролық таратпау және қарусыздандыру» халықаралық үкіметтік емес ұйымы ұйымдастырған.

«НӘРЕСТЕЛЕР АЯҚ-ҚОЛСЫЗ ТУҒАН». СЕМЕЙ ЖЕРІНДЕГІ ЗҰЛМАТ

1947 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің құпия жарлығы бойынша жалпы аумағы 18 мың шаршы шақырымды алатын Семей полигонының құрылысы басталды. 1949 жылы 29 тамызда дәл осы полигонда алғашқы кеңес атом бомбасының зарядтары сынақтан өтті. Сынақ полигоны сол кезде 100 мыңнан астам адам тұрып жатқан Семей қаласынан 150 шақырым жерде орналасқан еді.

Қырық жылда Кеңес Одағы Семей полиогонында 456 ядролық сынақ өткізді. 1963 жылға дейін сынақтар жер үстінде өткізіліп тұрды. Ал 1949 жәнге 1963 жылдар аралығында сыналған ядролық зарядттардың жалпы жиынтығы Хиросимоға тасталған бомбадан 2500 есе артық болған. Сынақ алаңында 55 рет ядролық бұлт және 169 газ фракциясы таралған. Дәл осы сынақтар барлық өңірдің радиациялық ластануына алып келді. Сынақ басталғаннан кейін бірнеше жылдан соң жергілікті тұрғындар арасында қатерлі ісік пен туа біткен аурулар күрт өсті. Нәрестелер ауыр неврологиялық патологиялармен және сүйектердің ауыр деформацияларымен дүниеге келді, кейбіреулері аяқ-қолсыз туды. Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығының бағалауы бойынша, өңірде ең аз дегенде 60 мың адам радиациялық аурулардан қайтыс болған. Жалпы 1 325 000 азамат ресми түрде Семей полигонындағы ядролық сынақтардың құрбаны деп танылған.

ӘЛЕМДЕГІ БАСҚА ДА ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ АЛАҢДАРЫ 

Былтыр британдық режиссер Андре Зингердің «Where the Wind Blew» («Жел қайдан соғады») атты документалды фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл картинада ядролық сынақтардың құрбаны болған Кеңес және Америка азаматтарының аянышты тағдыры көрсетіледі. Әлемде Семей полигонынан басқа мынандай сынақ алаңдары бар:

Аламогордо (АҚШ)

Бұл полигон Нью-Мексико штатының оңтүстігінде Аламогордо қаласынан 97 шақырым жерде орналасқан. Полигонда 1945 жылы 16 шілдеде «Тринити» деп аталған алғашқы ядролық қару сынақтан өтті. Бұл ядролық дәуірдің басталу кезеңі саналады.

Тынық мұхиттағы Бикини аттоласы және Эниветок (АҚШ)

АҚШ Бикини аттоласында 1946 және 1958 жылдар аралығында 23 атом және сутегі бомбасын сынақтан өткізген. 1954 жылы 1 наурызда өткізілген ең қуатты жарылыс Хиросимаға тасталған бомбадан мың есе артық болды. 

Эвентокта 1948 және 1958 жылдар аралығында 43 ядролық сынақ өткізілген. Бұл жерлерге тұрғындар 70-жылдары ғана қайта орала бастады. АҚШ үкіметі тұрғындарға денсаулығына келген зардаптар үшін 340 млн доллар өтемақы төлеген.

Муруроа Аттоласы (Француз Полинезиясы)

Тынық мұхитындағы бұл арал 1966 жылдан бастап Францияның ядролық сынақ алаңы ретінде белгілі. Муророада 1966 мен 1996 жылдар аралығында 181 ядролық сынақ өткізілген. Соңғы сынақ 1998 жылы өтті.   

Лоб-Нор (Қытай)

Қытай өзінің алғашқы ядролық бомбасын 1964 жылы сынақтан өткізді. 1967 жылы бұл жерде сутегі бомбасы сынақтан өткен. Әртүрлі деректерге сенсек, Қытай бұл жерде 47 ядролық жарылыс жасаған. 

Жаңа Жер (КСРО, Ресей)

Бұл полигон 1954 жылы пайда болған. 1961 жылы адамзат тарихындағы қуатты – 58 мегатонналық «Патша-бомба» сыналған. 1955-1990 жылдар аралығында 132 ядролық жарылыс жасалған. Бұл полигон қазір Ресей Федерациясының орталық полигонына айналған. 

Невада (АҚШ)

1951 жылы пайдалануға берілген, 3500 шаршы шақырымды алып жатқан бұл сынақ алаңы Невада штатында орналасқан. Бұл полигонда 832 жерасты жарылыс жасалған.

ӘЛЕМДЕГІ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДЫ ТАРАТПАУ БОЙЫНША ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЛЕСІ 

1989 жылы 28 ақпанда Олжас Сүлейменовтің бастамасымен «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Бұл антиядролық қозғалыс бүкіл әлем бойынша ядролық сынақ құрбандарын біріктірді. Қозғалыс ұйымдастырған наразылықтарға әлем бойынша көптеген адам қосылып, ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті.

1989 жылы сол кездегі Үкімет төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Семей өңіріндегі экологиялық жағдайды бақылау бойынша республикалық комиссия құрылды. Осы жылы қараша айында Қазақ КСР Жоғары Кеңесі КСРО Үкіметіне және Жоғары Кеңесіне Семей полигонында сынақтарды дереу тоқтату туралы жолдау жібереді. Антиядролық қозғалыс күшейе берді. 1990 жылы 25 қазанда ҚазақКСР Жоғары Кеңесі тарихи құжат - «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады». Осы декларацияның 11-бабында Қазақстан аумағында ядролық қаруды әзірлеу және сынақтарды тоқтату туралы айтылды. Сонымен, 1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу» туралы жарлыққа қол қойды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 64-сессиясында 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы тұру күні деп танылды. Резолюцияның кіріспесінде «Ядролық сынақтарды тоқтату және сол арқылы адамдардың өмірі мен денсаулығына жойқын және зиянды салдарлардың алдын алу үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет ... және ядролық сынақтарды толық тоқтату - ядролық қарудан азат әлем құрудың негізгі құралдарының бірі» деп жазылған.

Қазақстан 1994 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы халықаралық келісімшартқа қол қойды.

Ядролық қаруды сынауды тоқтатудың негізгі құралы - Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ). Оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1996 жылы 10 қыркүйекте қабылдады. Бүгінгі таңда шартқа 184 ел қол қойып, 168-і оны ратификациялады. Шарттың күшіне енуі үшін оны елеулі ядролық әлеуеті бар мемлекеттер ратификациялауы керек.

Қазақстан ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, басқа елдерді де осыған шақыруда. 2016 жылы Вашингтонда өткен антиядролық саммитте Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. XXI ғасыр» манифестін жария етті. Әлемдік қауымдастыққа арналған бұл үндеуінде Елбасы жаппай қырып жоятын қарудың қаупіне байланысты қазіргі кез-келген соғыста жеңімпаз болмайтынын және бейбітшілікті сақтауда үлкен жауапкершілік жүктелетінін ескере отырып, халықаралық қауымдастыққа келесі алгоритмдер ұсынды:

  • жаппай қырып жоятын қарудан біртіндеп мүлде бас тарту;
  • шиеленісті шешу жолы ретінде жалпы соғысты болдырмау, оның орнына тек қана конструктивті келіссөздерге ұмтылу;
  • ынтымақтастықтан гөрі шиеленіс себебі болып келетін әскери одақтардан бас тарту;
  • әлемдік державаларға әскери бәсекелестіктен туындайтын жаппай қаруланудан гөрі, экономикада, сауда жасаудағы бәсекелестікке шақырды.

Бұл - әлем үшін батыл, сонымен бірге өте қажет бастамалар. Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау мәселелеріндегі көзқарасы өзгеріссіз қалады - ядролық қаруды қолданудан толық бас тарту қажет. Бұл бағыттағы маңызды қадам 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны қабылдаған кезде жасалды. Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылуы белгіленген мақсатқа жетуге, атап айтқанда, 2045 жылға қарай ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге бел буғанын көрсетеді. 2045 жылдың меже ретінде қойылған себебі – БҰҰ-ның құрылуының 100 жылдығына ядролық қарусыз әлемге аяқ басу.

2019 жылдың соңында «Аstana Club» халықаралық пікірталас алаңының отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қарусыз әлем үшін көшбасшылардың жаһандық альянсын құруды ұсынды. Бұл бастама ядролық қаруды таратпау идеясын қолдайтындардың күшін біріктіруге мүмкіндік береді. Қазақстан әлемдегі ядролық қауіпсіздік мәселесі әлем үшін өте өзекті болып қала беретінін дәлелдеуді жалғасытыруда. Ядролық сынақ алаңдарынан қаншама миллиондаған адам зардап шексе, ядролық қару қолданған кезде қанша зардап келетінін ойлаудың өзі қорқынышты. Әлемдік державалар ессіз қарулану жарысын тоқтатып, қауіпсіздіктің жаңа шарттарын қарастыруға тиіс деп ойлаймын. Бұл біздің және ұрпақтың болашағы.

Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы

Серіктес жаңалықтары