Қарағандыда карантин талаптарын бір айда 7 рет бұзған сауда үйі анықталды
Мұнда батут орталығы жұмыс істеген
Қарағанды қаласының полиция және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері бір ай ішінде сауда үйінде санитарлық нормалардың жеті рет бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Қарағанды қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
«17 қазанда полицейлер мен СЭС қызметкерлері жәрмеңке өткізілген сауда үйінің аумағында карантин ережесін бұзудың бес фактісін анықтады. Мысалы, 3 сатушы сүт және шұжық өнімдерін өлшеп оралмаған күйінде сатқан. Сонымен қатар, олардың бірінде маска болмады. Сондай-ақ, екі сатушы дайын тағамды бетперде мен қолғапсыз сатты. 20 қазан және 28 қазан күндері осы сауда үйіндегі рейд кезінде полицейлер мен СЭС қызметкерлері карантин нормаларының бұзылғанын анықтады – мұнда батут орталығы жұмыс істеген», - деп жазылған хабарламада.
Барлық фактілер бойынша әкімшілік материалдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.