Қазақстанда 519 оқушы коронавируспен ауырып жатыр
Олармен 3 мыңнан астам адам байланыста болған
Қазақстанда 519 оқушы коронавирус инфекциясымен ауырып жатыр. Бұл туралы ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова хабарлады.
«Біз мектеп оқушылары арасында COVID-19 ауруының күнделікті мониторингін жалғастырамыз. Бүгінгі таңда коронавирустық инфекцияның 519 жағдайы тіркелген. Сонымен қатар, кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында 186 жағдай және қашықтан оқитын балалар арасында 333 жағдай тіркелді», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ онлайн-брифингте.
Спикер барлық анықталған ошақтарда 3 мыңнан астам байланыста болған адамның анықталғанын атап өтті. Байланыста болғандар арасында COVID-19 ауруының 50 жағдайы оң нәтиже көрсетіп, ем алып жатыр.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан