$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.11.2020, 14:12
Жаңалықтар

Еңбек мигранттарында ЖСН болуы міндетті – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Бұл олардың зейнетақы жарнасын БЖЗҚ-ға аудару үшін керек

Еңбек мигранттарында ЖСН болуы міндетті – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Фото: ашық дереккөзден

Еңбек мигранттарында зейнетақы жарнасын БЖЗҚ аударуы үшін жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) болуы тиіс. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұрлан Әлімжанов шетелдік жұмысшыларда әдетте ЖСН болмайтынын алға тартып, бұл мәселесінің алдағы уақытта қалай шешілетінін сұрады. 

«Қазақстанда еңбекші көшіп-қонушыларға зейнетақы төлемдері БЖЗҚ арқылы жүзеге асырылатын болады. Еліміздің азаматтары БЖЗҚ ақпараттық жүйесінен ЖСН арқылы сәйкестендіріледі. Ал ЖСН-і жоқ еңбекші көшіп-қонушылар үшін жұмыс берушілерден жұмыс жарналары ақпараттық жүйеде қалай есепке алынады?» - деді өз сауалында Мәжіліс депутаты.

«Келісім аясында біздің заңнама бойынша сырттан келген шетелдік жұмысшылардың ЖСН-і болуы міндетті. Себебі онсыз зейнетақы жарнасын аудару мүмкін емес. Ол үшін ол жұмыс берушіден ЖСН талап етеді. Елімізде шетелдік азаматтарға ЖСН Халыққа қызмет көрсету орлықтары немесе электронды үкімет арқылы беріледі», - деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, ЕЭО аясындағы зейнетақы жарнасын аудару мәселесін талқылау барысында жұмыс берушісі жоқ, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтитын мигранттардың мәселесі де сөз болды.

«Біздің елімізде зейнетақы жарнасын жинақтаушы қорға аудару процесі жұмыс беруші арқылы жүзеге асырылады. Ал егер де азамат өзін-өзі жұмыспен қамтыған болса, жинақтаушы қорға зейнетақы жарнасын сол азаматтың өзі аударады. Осыған  байланысты еңбекші көшіп-қонушы мигрант өз-өзін жұмыспен қамтыған азамат болса, ол зейнеатқы жарнасын қалай аударады?» - деді өз сауалында депутат Айгүл Нұркина.

Нұрымбетов еңбек мигрантының тек заң аясында ғана жұмыс істеуге құқығы бар екенін айтты.

«Жалпы, шетелдік азамат елімізде тек екі жағдайда ғана жұмыс істеуге құқығы бар. Бірінші, бұл еңбек келісімі шартын бойынша, яғни жалдамалы жұмысшы ретінде. Екінші, «Азаматтық-құқықтық еңбек келісімшарты» негізінде жұмыс істеуі мүмкін. Егер де еңбекші көшіп-қонушыға жұмыс беруші заңдық немесе кәсіпкерлік тұлға болмаса, біздің заңға сәйкес жұмыс берушінің зейнетақы жарнасын аудару немесе аудармау жөнінде өз құқығы бар» -деді министр.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#мигранттар