$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.11.2020, 17:46
Жаңалықтар

Көкшетау қаласының аумағына блок-бекеттер қойылады

Бас санитардың қаулысы 7 қарашадан бастап күшіне енеді

Көкшетау қаласының аумағына блок-бекеттер қойылады
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысының Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы жаңа қаулыға қол қойды. Қаулыға сәйкес, 7 қараша кешкі сағат 00:00-ден бастап Көкшетау қаласына кіріп-шығуға шектеу енгізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті.

Соңғы деректер бойынша, облыс көлемінде пандемия басталғалы коронавирус жұқтырған 3805 адам тіркеліп, 77 адам қайтыс болған.

Бас дәрігердің айтуынша, соңғы екі аптада Ақмола облысы бойынша індеттің таралуы 2,2 есе, ал Көкшетау қаласы бойынша 3,5 есе өскен.

Қаулыға сәйкес, ішкі жиналыстар өткізуге, ашық алаңда аттракциондардың жұмыс істеуіне, діни нысандардың, мәдениет нысандарының: кітапханалар мен музейлер, театрлар мен кинотеатрлардың қызметіне тыйым салынады.

«Азық-түлік дүкендері таңғы 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін бекітілген кестеге сәйкес санитарлық күндерді өткізе отырып, жұмыс режиміне шектеу қойылады. Таксиге екі адамнан артық (жүргізушіден бөлек – авт.) мінуге тыйым салынады», - дейді Ақмола облысының бас санитар дәрігері.

Сондай-ақ тамақтану нысандары бір мезетте 30 адамнан аспайтын келушілерді қабылдап, таңғы 08:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал, демалыс күндері тек осы уақыт аралығында тамақты жеткізуді жүзеге асырушыларға рұқсат етіледі.

Сән салондары, шаштараздар мен косметологиялық қызмет көрсету нысандары санитарлық нормаларға сәйкес актілері болған жағдайда ғана жұмыс істейді. Демалыс күндері жұмыс уақытша тоқтатылады.

Ал фитнес-орталықтар, жаттығу залдары мен спорттық-сауықтыру орталықтарына алдын ала жазылу бойынша 15 адамнан аспайтын көлемде таңғы 08:00-ден 19:00- ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілмек.

Моншалар мен сауналарға көлемінің 50 пайызынан аспайтын мөлшерде таңғы 08:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.

«Мемлекеттік органдардың кемінде 80 пайыз қызметкерлері жұмыс істеудің қашықтық режиміне көшіріледі. Көкшетау қаласы әкімдігі Полиция департаментімен бірлесіп, Көкшетау қаласының карантин аумағында блок-бекеттер орнатуды қамтамасыз етеді», - дейді Айнагүл Мусина.

Аталған қаулы 7 қараша күні түнгі 00:00-ден бастап күшіне енбек.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары