Павлодарлық кәсіпкер салық органдарынан қысым көргенін айтып шағымданды
Ол мемлекеттік кірістер комитеттін сотқа берген
Павлодарда кәсіпкер салық органдарынан қысым көргенін айтып шағымданды. Оның айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитеті ол басқаратын кәсіпорынды жөн-жосықсыз тексеруге алмақ болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Жанар Күшқұлова – ұн шығаратын кәсіпорынның иесі. 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Нарықта 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, биыл салық органдарының мамандары оның тынышын алып болған.
«Біз салықты уақытылы төлеп тұрдық. Қаржы министрлігінің Кірістер комитетіне «бізді неге ерекше тексеруді қажет ететін» топқа қосқанын сұрап хат жолдадық. Әлі күнге дейін жауап жоқ. Сонда не үшін бізге салықтық тексеру жүргізбек ойлары бар екенін түсіне алмадым. Ал салық органдарының мамандары жиі-жиі қоңырау шалып, хат жолдап, кәсіпорынды тексеруге рұқсат беруімді сұрап мазамды алды», - дейді ол.
Тексеруге үзілді-кесілді қарсы кәсіпкер, мемлекеттік кірістер комитеттін сотқа берген. Алайда, Нұрсұлтан қаласының соты оның ісін қараудан бас тартыпты. Сондықтан, ол сотқа екінші рет шағым түсіріп отыр.