«Жалағаш – Жосалы» жолының сапасы сын көтермейді
Тексеру барысында анықталған фактілер бойынша тапсырыс берушіге, мердігерге және уәкілетті органдарға хат жолданды

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағынов Қызылорда облысына барып, облыста орташа жөндеуден өткен жергілікті жолдардың сапасымен танысты.
Орталық мамандары «Жалағаш – Жосалы» жолының учаскесінде асфальт-бетон жабынында жарықтар, шұңқырлар пайда болғанын және жол қалыңдығының талапқа сай еместігін анықтады. Аталған жол учаскесіндегі орташа жөндеу жұмыстары 2018 жылдан бастап жүргізілген.
Тапсырыс беруші – «Қызылорда облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ, мердігер – «KAISON Construction» ЖШС.
Осыған дейін орталық филиалының қызметкерлері аталған нысанға тексеріс жұмыстарын өткізу мақсатымен 10 рет барып, жол-құрылыс материалдарының 60-тан астам сынама үлгілерін алған. Олардың 23-і тығыздық коэффициентіне сәйкес келмейді.
Тексеру барысында анықталған фактілер бойынша тапсырыс берушіге, мердігерге және уәкілетті органдарға хат жолданды.