Назарбаев Университетінің профессоры қатерлі ісікке қарсы дәрі әзірлеп жатыр
Препарат ұйқы безінің обырына қарсы тиімді екенін көрсеткен
Қазақстандық-американдық биолог және Назарбаев Университетінің ғалымы Дос Сарбасов мутацияланған қатерлі ісік жасушаларын өздігінен жоюға мүмкіндік беретін дәріні әзірлеуді аяқтап қалды. Оның дәрісі күшән негізіндегі американдық препаратпен бірге аз мөлшерде ұйқы безінің қатерлі ісігінің 95 пайызында, тоқ ішектің қатерлі ісігінің 30 пайызында және өкпенің қатерлі ісігінің 20 пайызында кездесетін KRAS-мутант жасушаларына қарсы тиімді екенін көрсетті деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.
KRAS-гені – бұл жасушалардың белсенді бөлінуіне өсу факторларының сигналдарын беретін кішкентай реттеуші ақуыз. Өсу факторлары эмбрионның денесінде көп мөлшерде болады және белсенді өсуді ынталандырады. Даму уақытында өсу факторларының концентрациясы төмендейді, ересек организмнің өсуін тоқтатады және тек жасушалардың регенерациясын сақтай алады.
«KRAS мутацияға ұшыраған кезде тұрақты күйге ауысады, осылайша бөліну процесінің үнемі белсенді болуына, яғни ісіктің өсуіне әкеледі. Бүгінгі таңда мутацияның бұл түрі емделмейді, ұйқы безінің қатерлі ісігі бар науқастар бір жарым жыл – екі жылдан ұзақ өмір сүрмейді. Қатерлі ісіктің бұл түрі қазіргі онкологияның ең маңызды мәселесі», - дейді Дос Сарбасов.
Сарбасов бастаған ғалымдар тобы KRAS-мутант жасушалары глюкозаның жетіспеушілігіне өте сезімтал екенін анықтады. Онсыз қатерлі ісік жасушалары радикалдарды өндіре бастайды және өзін-өзі жояды.
Адам ағзасын глюкозадан айыру мүмкін емес болғандықтан, ғалымдар жасушалар шығарған радикалдарды алып, оларды С - D-VC дәруменінің стероизомерімен біріктірді. KRAS-мутант жасушалары оны глюкоза ретінде қабылдайды, сіңіреді, бұл жасушаларды «күйзеліске» ұшыратады, кейіннен өзін-өзі жоюға мәжбүр етеді.
Препарат күшән негізіндегі американдық дәрімен бірге аз мөлшерде қолданылған кезде тиімділігі дәлелденді. Олар бір-бірінің әрекетін толықтырады және күшейтеді.
АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектердің сапасын қадағалау жөніндегі басқармасы (FDA) препараттың тиімділігін растады және адамдарды емдеуге рұқсат берді. Сарбасовтың айтуынша, қазір ол еліміздегі клиникалық зерттеулер процесін сапалы деңгейге өткізу үшін қазақстандық заңнаманы зерделеуде.
Анықтама үшін:
Дос Сарбасов Алматыда дүниеге келген. 24 жасында ол ҚазҰУ-дың студенттермен алмасу бағдарламасы бойынша Қазақстаннан АҚШ-қа ауысқан. Бұл бағдарлама оған Арканзас медициналық университетінің аспирантурасына түсуге мүмкіндік берді, сол жерде ол биохимия және молекулалық биология бойынша докторлық диссертацияны қорғады. 1999 жылдан 2006 жылға дейін MIT - Massachusetts Institute of Technology жанында Whitehead Institute for Biomedical Research жұмыс істеді. Содан кейін ол АҚШ-тың жетекші онкологиялық орталығы – MD Anderson Cancer Center-дегі ғылыми зертхананы басқаруға шақырылды.