ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

«Үйлері ескі, пештері қауіпті». Нұр-Сұлтанда өрт қауіпсіздігі айлығы жүріп жатыр

Астанада жыл басынан бері 451 өрт оқиғасы тіркелген

Елорда іргесіндегі ескі саяжай алабында орналасқан үйлердің қыстыгүні өртке орану қаупі басым. Өйткені жылыту пештері қауіпсіздік талаптарына сай емес. Ал Төтенше жағдай мамандары тұрғындарға ескерту жасағаннан басқа шара қолдана алмайды.

«15 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласында өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Қазіргі уақытта ТЖД қызметкерлері жеке тұрғын үй секторларын күнделікті аралауда. Аталған шараға әкімдіктің волонтерлік ұйымдары мен қоғамдық жұмысшылар қатысады. Үйлерді аралаудың басты мақсаты – өрт кезінде адамдардың қаза болуы мен жарақаттану фактілерін, улы газбен улану себептерін азайту», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданы ТЖБ бас маманы Жамбыл Оразалиев. 

Фатима Аскаринаның «Нұрлы Жол» вокзалының маңында орналасқан Икарус саябақ қоғамындағы уақытша баспанаға көшіп келгеніне үш ай ғана болған. Екі баланың анасы көмірді өзі тасып, отты өзі жағуға мәжбүр. Жалғызбасты жас ана тозығы жеткен жер үйді 10 мың теңгеге жалдап тұрады. 

«Қорыққанмен, амал жоқ. Екі баламен жалдамалы пәтерге 40 мың төлеуге менің қалтам көтермейді. Өзім жұмыс істемеймін. Амалдың жоғынан осындай үйде тұруға мәжбүрмін. Әрине, балаларымды уайымдаймын. Ешқайда шықпауға тырысамын. Шыққан күннің өзінде балаларды жалғыз тастамаймын. Көмірді үнемдеймін. Күніне екі мезгіл ғана жағамын. Күлін шығару да оңай емес», - деді Фатима Аскарина.

Сұлушаш Төлеубаеваның да әзірге басқа жаққа көшуге мүмкіндігі жоқ. Жолдасымен бірге қыс бойына қара пештің күшімен ескі үйді жылытып жүргендеріне 5 жыл болған. Жалпы, бұл аудандағы шағын үйлердің қашан сүрілетіні әзірге беймәлім. Иелері де жылыту құрылғыларын ауыстыруға асығатын емес. 

«Олар пешті ауыстырмайды. Сондықтан да осы пешті өз ақшамызға жөндейік деп шештік. Басқа жаққа көшейік десек, әзірге ыңғайы келмей жатыр. Көмірді жарты шелектен саламыз. Өйткені пештің қақпағы тарсылдап кетуі мүмкін. Бір қысқа шамамен 4 тонна көмір кетеді. Бір тоннасын 17 мыңнан алдық», - деді Сұлушаш Төлеубаева.

Тексеріс барысында тұрғындардың басым бөлігі қауіпсіздік шараларын мүлдем ескермеген болып шықты. Пештердің төбесінде кіржайғыш жіптері байланған, айналасы да тез тұтанатын заттарға толы. 

Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД мәліметінше, 15 тамыз бен 26 қазан аралығында барлығы 17041 жер үйдің өрт қауіпсіздіктері қаралды. Оның ішінде осал топтағы 1543 үйдің 192-іне улы газды анықтайтын датчиктер орнатылды.

Жалпы, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері 451 өрт оқиғасы тіркелген. Оның ішінде қызыл жалын 237 тұрғын үйді шарпыған. Мамандардың айтуынша, жылыту құрылғысынан шығатын өртке көп жағдайда мұржалардың дұрыс тазаланбауы себеп болады. 

Еске сала кетейік, 2019 жылдың ақпан айында елордадағы жер үйлердің бірінен өрт шығып, соның салдарынан бір отбасының бес бірдей қызы көз жұмған болатын. 

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан